• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:31:12
Алматы
+35°

"Әулие-Ата" халықаралық әуежайының халықаралық әуе жүк тасымалы саласындағы әлеуеті артпақ. Жуырда аталған әуежайға Mongolian Airlines әуе компаниясының жүк тасымалдайтын ұшағы келіп қонды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Сыйымдылығы 20 тонна болатын әуе кемесі «Әулие-Ата» әуежайының базасына алынып, жергілікті кәсіпкерлердің халықаралық жүк тасымалы бойынша тапсырыстарын орындамақ. Бұл жоба Mongolian Airlines пен SCAT әуе компаниялары арасындағы өзара келісім негізінде жүзеге асырылып отыр.

Тараздағы әуежай базасына моңғолиялық әуе компаниясынан жүк тасымалдауға арналған ұшақты жалға алу өңірде ірі әуе жүк тасымалы хабын құрудың алғышарты саналады. Әрі бұл әуе рейсі республиканың оңтүстік аймағындағы кәсіпкерлердің де тапсырысын орындау қабілетіне ие.

– Бұл әуе рейсі оңтүстік өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін әлемнің кез келген нүктесіне жеткізу бойынша тапсырыстарды орындайды. Сәйкесінше тапсырысқа сай шетелдерден импорттық тауарлар да тасымалданатын болатын. Жергілікті кәсіпкерлермен жүргізілген келіссөздерге сай бірер күнде жүк ұшағы суытылған ет өнімдерін Иран, Ирак, Кувейт елдеріне алып ұшпақ. Алдағы уақытта тапсырыстар бойынша жүк әуе рейсінің «Әулие-Ата» халықаралық әуежайынан ұшып шығудың нақты кестесі түзіледі,–дейді «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Хамзин.

Ал Mongolian Airlines әуе компаниясының бас директоры Хорансурен Чинбад биылғы жылдың Қазақстан-Моңғолия арасындағы әуе тасымал саласы үшін жемісті болғанын тілге тиек етті.

–Биылға дейін Нұр-Сұлтан мен Ұлан Батыр арасында тікелей әуе рейсі болмаған. Айналма жолдың есебінен ұшақпен екі қала арасына жол жүру ұзақтығы 9 сағат болатын. Ал биыл жаңадан ашылған Нұр-Сұлтан-Ұлан Батыр әуе рейсі бұл жолды 3,5 сағатқа дейін қысқартты. Енді жүк тасымалы саласында SCAT әуе компаниясымен ауқымды жобаны қолға алып отырмыз,– деді Хорансурен Чинбад.

Айта кету керек «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы жүк тасымалдауға арналған ұшақты Mongolian Airlines компаниясынан жалға алады. Бұған дейін мұндай тапсырыстарды орындауда әуежай ирандық әуе компанияларға иек артып келген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір