22 Тамыз, 2019 NEWS
"Отбасымды бауыздап тастаймыз деп қорқытты". Қаржы жымқыратын жаңа алаяқтар пайда болды (видео)
Банк карточкасындағы қаражатты қымқыратын жаңа аляқтар пайда болды, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Алаяқтар алдымен банк карточкасы иесінің телефон номеріне құпия сөз жолдайды. Артынша қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ұялы телефон номеріне жіберілген құпия сөзді айтуды өтінеді. Алаяқтықтың жаңа түрі туралы Малика Дүйсенбаева атты фейсбук қолданушысы өзінің парақшасында мәлімдеді.
"Отбасымды бауыздап тастаймыз деп қорқытты. Назар аударыңыздар, алаяқтық әрекет! Өздерін Каспи банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп таныстырғандар қоңырау шалды. Банктен хабарлама түрінде жіберілген құпиясөзді айтуымды сұрады. Мен банк колорталығына хабарласып, тексеріп көрмек болғанмын. Осы арқылы мен олардың (қоңырау шалушы алаяқтарды, ред.) ашуына тисем керек, мені және отбасымды өлтіретінін айтты. Қысқасы барлық әңгімені видеоға түсіріп алдым. Қызықтың көкесі видеоның соңғы жағында. Алаяқтармен сөйлескеннен кейін манағы номерге қайтадан қоңырау шалғанымда, номер иесі өзінің қатысы жоқ екенін, мен хабарласқан төртінші адам екенімді айтты. Енді не істерімді білмеймін. Бір жағынан қорқынышты. Олар мен туралы бәрін біледі. Мақұл, телефон номерім мен немен айналысатынымды қоя берші, олар менің картамның номерін де біледі ғой. Оларда банктік деректер қайдан жүр?" – деп жазды фейсбук қолданушысы.
Оқиғаға қатысты Kaspi банкі қызметкерлерінің карта номерінің фотосын, карта деректері туралы ақпарат, SMS хабарламамен келген код, жеке кабинеттің паролін ешқашан сұрамайтынын мәлім етті.
"Қаржылық деректеріңізді бөтен адамға көрсетпеулеріңізді, бермеулеріңізді сұраймыз. Күмәнді парақшаларға көңіл бөлмеңіздер. Алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін деректеріңізді хабарлама арқылы жібермеңіздер. Аталған жайт бойынша, құзырлы орган тексеріс жүргізеді. Міндетті түрде ҚР заңы аясында шара қолданылады" – делінген банк хабарламасында.
Тұтқаның арғы жағындағы адамның әңгімесіне қарап желі қолданушылары алаяқтар Ресейден қоңырау шалған болуы мүмкін деп жазып жатыр.
Ескерту, видеода былапыт сөздер, ұлтаралық араздықты қоздырушы әңгімелер бар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір