• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:22:30
Алматы
+35°

23 Тамыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Нұр-Отан" партиясын жандандырам деу бос әуре" 

20 жылдан астам уақыт ішінде бұл партияның бірде-бір бәсекеге қабілетті спаринг партнеры болған жоқ.

"Нұр-Отан" партиясы қайта жаңғыру процесіне дайын емес. Оған ешқандай да алғы шарттар жоқ. Ал әкімшілік-әмірлік пәрменмен, бұйрық-нұсқаумен ондай шаруалар жүзеге асырылмайды" – дейді журналист Мұхтар Түменбай өзінің  фейсбуктағы парақшасында .

1) Партияның пайда болу табиғатының өзі теріс. Естеріңізде болса "Нұр-Отан" билікке тартысты күрестің арқасында келген жоқ. Оны ұйымдастырушылар партия құрмастан бұрын-ақ билік басында болған. Ал диалектика заңында бәрі керісінше болуы тиіс. Алдымен партия құрылады, содан соң ол партия тартыс бәсеке негізінде билікке жетеді. Шынайы күресте шынықпаған партия ешқашан да өміршең болмайды. Бұл да диалектика.

2) 20 жылдан астам уақыт ішінде бұл партияның бірде-бір бәсекеге қабілетті спаринг партнеры болған жоқ. Саяси алаңда жалғыз өзі доп теуіп, өзімен-өзі ойнап жүргені сол. Ал конкуренция жоқ жерде даму қайдан болсын!

3) Партия жұмысы вертикалды басқару негізінде құрылған. Басшы не айтты – сол заң. Аудандық партия филиалында аудан әкімі, қалада қала әкімі, облыста облыс әкімі, орталық аппаратта Елбасы жетекші. Мұндай форматта пікір плюрализмі болмайтыны анық. Әрине, "Мен басшымын, ал сен ақымақсың" деген ортада пікірталас атымен болмасы белгілі. Ал пікірталас жоқта жаңа, тың идеялар тумайды.

4) Бұл партия ел ішінде қолайлы саяси-әлеуметтік ахуал қалыптасуының негізінде пайда болған жоқ. Ол тек демократиялық елдердің ықпалының нәтижесінде іске қосылған формат. Ол кезде халық та партиялық жүйеге дайын емес еді. Ал кейін ес жиып, тәжірибе жинақтағанда оппозициялық партиялардың дамуына шектеу қойылды. Сөйтіп "Нұр-Отан" саяси алаңда қайтадан жалғыз өзі қалды. Биліктің батасымен құрылған Ақ жол, Ауыл, Руханият сияқты ойыншық партияларды есепке алудың өзі қисынсыз.

5) Бүгінгі таңға дейін парамен ұсталған, сыбайластық жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлердің 100% "Нұр-Отан" мүшелері. Олардың саны бүгінде мыңдап саналады. Мұның өзі партияның авторитетіне орны толмас нұқсан келтірді. Ал осы уақыт ішінде ел алдына шығып сол парамен ұсталғандарды айыптап сөккен тым құрығанда бір аймақтық партия басшысын көрдіңіздер ме. Бұлар партия атына кір келтірді деп, аттарын атап, түстерін түстеген, мұндайлармен біздің жолымыз бірге емес деп жоғарғы мінберлерден сөйлеген біреуі болды ма? Жоқ. Болған жоқ. Бұл да, жоғарыда айтып кеткен вертикалды басқару жүйесінің салдары. Бірде бір партия функционері жоғары жақтың рұқсатынсыз біреуді сынамақ түгілі жақ ашпайды. Ал негізінде, өз абыройын ойлаған кез келген саяси ұйым әрбір осындай факті бойынша мәлімдеме жасап, өз позициясын білдіріп отырады және мұндай жағдайларды болдырмаудың амалдарын іздейді. "Нұр-Отанда" ондай практика атымен жоқ. Демек партияда ұйымның абыройына нұқсан келетін инфекциялардан емделетін иммунитет қалыптаспаған. Халық арасында партияның беделінің болмауы – соның жемісі.

6) "Нұр-Отан" жаңа лидерлерді өсіріп баптап, тәрбиелеп шығара алмайтын дәрежеге жетті. Оның да себебі жаңағы вертикалдық басқару жүйесінде жатыр. Алғашқы партиялық ұйымдарда бедел жинап, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп шыныққан, сол парт. ячейканың ұсынысымен, аймақтық сайлау арқылы өсіп, орталық органға дейін жеткен бір атқамінерді көрсетіңіздерші. Жоқ ондайлар. Себебі барлық басшы функционерлер жоғарыдан тағайындалады. Немесе халыққа сыйлы-ау дегендерді алдап-сулап, тақа болмаса күштеп партияға кіргізеді. Бірақ олардан да пайда шамалы. Себебі ол рекруттар өз ісінің тамаша маманы болғанымен, партиялық шаруада нөль. Головкин мен Сапиевың да сол, Димашың мен Қайратың да сондай. Ал кадр саясатында мұндай тапшылыққа душар болған ұйымның болашағы қандай болмақ? Жауабын мен айтпасам да түсініп отырған шығарсыздар.

Қысқасы "Нұр-Отан" партиясы қайта жаңғыру процесіне дайын емес. Оған ешқандай да алғы шарттар жоқ. Ал әкімшілік-әмірлік пәрменмен, бұйрық-нұсқаумен ондай шаруалар жүзеге асырылмайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір