• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:01:42
Алматы
+35°

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаны қолға алуды тапсырған болатын. Жамбыл облысында да осы жобаның баламалы нұсқасы жасалынып, өңірдегі киелі жерлердің тізімі жасалды. Аталған тізімге енген нысандардың бірі Ақтөбе мазарын әлі күнге дейін әулиелі жер санайды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының деректеріне сүйенсек Ақтөбе мазары Байзақ ауданы, Абай ауылының солтүстік-батысында 6 шақырым қашықтықта орналасқан.

Тарихи нысанға тарихшылар мен археологтар экспедициясы 1936 жылдан бері түрлі ғылыми-зерттеу және жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіп келеді. Кесененің шаршы тәрізді аумағы 6,2х6,2 метр болады. Күйдірілген кесектен қаланған негізгі қабырғалардың биіктігі 8 метр.

Ел арасында Ақкүмбез деп аталатын бұл орын киелі мекен саналады.Көнекөз қариялар ертеректе бұл нысанда арнайы шырақшы болғандығын растайды. Алайда өткен ғасырдың 70-жылдары нысанның қабырғасы мен күмбезіне айтарлықтай зақым келген. Кей деректерде күмбездің астында үңгір болғандығы айтылады. Сондай-ақ күмбезден маңында Құлан төренің атақыры деп аталған қызыл тас қалған.

Аңыздарда кесенеде жерленген Құлан төренің аты халық арасында өзінің әулиелік қасиетімен, діндарлығымен дараланған беделді адам ретінде айтылады. Сондықтан да оның мәңгілікке жайғасқан орны да халық көптеп келіп, мінәжәт ететін орынға, әулиелі, киелі жерге айналады.

Алайда кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында күмбезді хан тұқымының ордасы санап, халық тәу ететін орын ретінде елдің санасына өшіруге шешім қабылданған. Дегенмен кесенені қиратуға бет алған трактор жолда аударылып, жүргізушісі аман қалыпты. Осыдан соң кесені бұзуға ешкімнің дәті бармаған. Есесіне оның айналасын жайлаған елді күштеп қоныс аударған.

ХІХ ғасырдың 30 жылдары Ұлы жүздің руларына әмірі жүріп тұрған Құлан сұлтан Қытай билеушілерімен тығыз байланыста болған. Қоқан хандығын мойындамаған сұлтан үзеңгісіне жағылған удан әл осы Ақтөбе деп аталатын жерде мәңгілік сапарға атанған. Оның кесенесін жергілікті жұртшылық күні бүгінге дейін мінәжат етіп, қасиетті мекен ретінде құрметтейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір