• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 15:26:25
Алматы
+35°

Сан ғасырлар бойы көшпелі қазақ қоғамында халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға бағытталған, шынайы халықтық үлгідегі дала парламенті жұмыс істегені тарихтан белгілі. Қазақ даласындағы сот процесінің басты мақсаты бітімге келу еді. Сот билігін қара қылды қақ жарған әділ, сөзге шешен, халық алдындағы өзіндік беделі мен рөлі жоғары билер атқарғанын білеміз. Ата-бабаларымызды кесімді сөздерімен бітімгершілікке бастаған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидей дара тұлғалар көпке үлгі бола алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында айтылғандай, ұлттық жаңғырудың басты талабы – ұлттық кодымызды сақтап қалу. Осы орайда, Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Рухани жаңғыру» мақаласы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басты бағыт ретінде ұстанып, сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында судьялардан, адвокаттардан, сот қызметкерлерінен, заңгерлік қауымдастықтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныстың негізінде «Сот төрелігінің жеті түйіні» атты жеті басым міндетті анықтаған болатын. Солардың біріншісі – мінсіз судья. Судьялардың халық сенімі мен құрметіне ие болуы үшін, жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру өзекті болғаны айқын. Осыған сәйкес Ұлт жоспарының 17,19 қадамдарын, яғни судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту, біліктілік талаптарын қатайту, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту шараларын жетілдіру қолға алынды. Екінші түйін – «Үлгілі сот». Бұл жобаның мақсаты – 2020 жылға дейін халықтың нақты сұранысын ескере отырып, соттарды басқарудың тиімді жүйесін құру. Үшіншісі – «Әділ процесс». Аталмыш жоба соттардың жүктемесін төмендету арқылы, сот төрелігінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сотқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту, төрешілдік рәсімдерді азайту бойынша қолға алынған жоба – «Smart sot» немесе «Е-СОТ». Халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоғам мен соттар арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыруға негізделген  «Оңтайлы орта» жобасы да игі бастамалардың бірі болды. Азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын барынша жоғарғы дәрежеде қорғауды мақсат еткен «Сапалы нәтиже» жобасы арқылы сот актілері мазмұнының түсінікті болуы және қарапайым тілмен жазылуы қалыптасу үстінде. Ал соңғы «Сотқа дейін, сотта татуласу» жобасы көшпелілердің сот билігі  функциясын дөп басып тұрғандай. Өз заманынының дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып ережелерін жетік білетін, сұңғылалығымен кемел ойлы білгірлігін, көрегендігін көрсетер сақа билер арқылы, соттан тыс татуласу орталықтарында істің жылдам қаралуын қамтамасыз етіп, екі жақтың мәселесін мәмігерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, сот әділдігін орнатуға ықпал ету қазіргі жүрісі жылдам заманда аса қажет екендігі даусыз. Тұтастай алғанда, аталған 7 жобаның негізгі ортақ міндеті – қоғамның соттарға деген сенімін арттыру.

«Заманына қарай – заңы, орманына қарай – аңы болады» дегендей, заман талабына сай соттың құрылымы, мазмұны және бағыт-бағдары өзгеріп отыратыны анық. «Қасым ханның қасқа жолы» бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның тұсында «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдық жүйе қазақ жұртының игілігіне қызмет еткенін білеміз. Ал жоғарыда аталған тың бастамалар, қазіргі таңдағы Қазақстанның әрбір азаматының санасына жаңа серпіліс әкелері айқын. "Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ" деп халық даналығы айтқандай, туғанына тартпай, турашыл дана шешім шығаратын сұңғыла билер көп болған жағдайда ғана, қазақстандық бірегейлік пен болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыру қағидасы түпкілікті шешімін табады деп білеміз.

Қуаныш

 

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы,

«Лингвистика» мамандығы бойынша PhD докторы

Қуаныш Жұмабек

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қуаныш Жұмабек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір