• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:19:16
+35°

23 Тамыз, 2019 Маңғыстау облысы

Ашық аспан астындағы мұражай саналатын Маңғыстау жерінде еліміздегі тарихи ескерткіштердің үштен бірі тіркелген. Мемлекет қорғауына алынған он бір мың тарихи ескерткіші бар археологиялық қорық,  мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандар, жерасты мешіттері, ерте дәуірдегі қалашық орындары, әскери бекіністер мен шар тәріздес алып тастар тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырып отыр. Сан ғасырлық тарихы бар табиғи жәдігерлерімізді мұнайшылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Қазақ мұнайының 120 жылдық және Өзен кенорнының 55 жылдық мерейтойлары аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ өз қызметкерлеріне арнап үш күндік экспедиция ұйымдастырды. Маңғыстау облысы

«Ұлы дала дидары» деген атаумен 12-ші тамыз күні бастау алған экспедицияда барлығы 162 қызметкер Отпан тау – Шерқала – Қызыл қала – Көгез бағыттары бойынша Маңғыстаудың тарихи жерлерін аралады.

Есен ӨТЕЕВ, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры:

  • Маңғыстау жері ықылым замандардан бері құпия сырымен таңғалдырып, тамсантып келе жатқан киелі өлке. 
    Экспедицияны ұйымдастырудағы мақсатымыз - осынау тарих пен байлықты, рухани құндылықтарды мұнайшыларға таныстыру болды. Себебі, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет – елінің, жерінің кешегісі мен бүгінін жете таныған адамда берік қалыптасады, - дейді.

200-ге жуық мұнайшылардың танымдық сапары «Адай Ата-Отпан тау» тарихи этно-мәдени кешеніндегі «Ақсарай» мұражайын көріп, тау биігіне көтерілуден басталды. Үш топқа бөлінген олар одан кейін Шерқаланың әсем табиғатын аралап, Шетпе аулында орналасқан X-XIII ғасырлардың археологиялық ескерткіші болып табылатын Қызылқала қалашығына табан тіреді. Жолаушыларды Шерқала тауы, Ақмыш тарихымен  Маңғыстау облысы мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры, өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы таныстырған. Көгез этноауылында қорытындыланған сапарға Есен Өтеев бастаған кәсіпорын басшылығы қосылды. Мұнайшыларға арнап жайылған ақ дастархан басында қонақтар үшін атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен ақтаулық ақын Райымбек Түгелов жырдан шашу шашты. 

 

Алмас Алтай, «Өз ойым» бағдарламасының жүргізушісі:

  • Үш күн бойы Ақтау - Жаңаөзен - Отпан - Шерқала - Ақмыш, Қызылқала - Көгез бағытымен 1 800 - 2 000 шақырым жүріп тастаппыз. Мұрат "Өзенмұнайгаз" АҚ мұнайшыларын Маңғыстау ауданындағы табиғи, тарихи, мәдени орындармен таныстыру еді. Бауыржан Мәмбетсапаев деген қазақ бар, миы толған идея, қашан қарасаң тынбай ізденіп, әрнені шұқып, оқып, "елге қайыр етсем екен" деп жүгіріп жүргені. Сол Бауыржанның идеясы еді бұл. "Алмасжан, мұнайдың қабат келген мерейтойлары қарсаңында біздің еңбеккерлер де бір жасап қалсын, Маңғыстаудың әдемі жерлерін көрсетіп келейік" деді. Жоспар құрылды, маршрут сызылды, команда түзілді. Іске кірісіп кеп кеттік. Қызық та, қиындық та болды. Күлкі де, реніш те болды. Ең бастысы, абыроймен өтті. Бағасын халық берер, беріп те жатыр, құдайға шүкір... Алпысқа жақындап қалған бір ағамыздың айтқан әңгімесі тіпті толқытты: - Апырааай, біз тек жұмысқа ғана емес, демалысқа да керек екенбіз ғой.Шынайы еңбек адамының алғаусыз пікірі ғой бұл. Жалпы, ұйымдастырудың басы қасында жүрген соң маған кеп алғыс айтушы көп болды. Алла-ай, нәпсің көтерілед-ай. Сабырмен тыңдап алам да: Ағатай, мен ұйымдастырушы ғана, алғысты Басшылығыңызға айтыңыз, ұжымыңызға айтыңыз, тәңір жарылғасын-, деп шығарып салам.

 Маңғыстау облысы

Берік Дәуенов, өлкетанушы, блогер:

  • "Өзенмұнайгаз" АҚ мұнайшыларының "Ұлы дала дидары" атты үш күндік өлкетану экспедициясына атсалысу мүмкіндігі бұйырды. Өлкетану экспедициясын ұйымдастыру тізгінін Алмас Алтайінім қолға алды. Үш күнде 160 адамды 3 топқа бөліп, 5 жанға жайлы автобуспен жұмыста жүрген мұнайшыларды ұлы даламен дидарластыру мақсат болды. Әрине, мұндай жерде Бекболат Төлегенұлының жүруі заңдылық. Өлкені таныстыруды қолға алған Бекболат әр күн сайын сапарға шыққан мұнайшыларды алдымен "Адай ата - Отпан тау" тарихи этно -мәдени кешенімен, одан әрі Шерқала тауы, Ақмыш, Қызылқала қаласының тарихымен таныстырды. Сапар соңында "Көгез" этно ауылынан түскі ас ішіп, дастарқан басқарған Фархад Мұсаев пен Қосқали Тындырғанов әзіл-қалжыңға қарық қылып, қызықты жүргізуімен, "Жыр-жебе" ақындар мектебі мен бірге Шалқарбай мен Райымбек Тузелов ақындардың айтысын тамашаладық. Тұщыбек ауылының тумасы, құсбегі Айшуақ Таймановінімнің бүркіті мен тазысын тамашалап, естелік суреттерге түскен мұнайшылар құс баптау өнерінің де Маңғыстауда өлмегенін көріп ризашылығын білдіріп жатты. Дастарқан басында тілек айтушы мұнайшының "біз тек жұмыс үшін ғана емес, демалыс үшін керек екенбіз ғой" деп тілек-алғысымен, басқаларыда қайта-қайта айтқан ризашылықтарымен басшыларына көңілдерін жеткізіп жатты. Неге риза болмасқа, соңғы күнгі сапарымызда басшысы Есен Оғланұлы мен Бауыржан Мәмбетсапаев Шерқала тауына келгенімізде арамыздан табылып, түскі аста жұмысшы мұнайшылармен бірге дастарқандас болды. Және бір естігенім, "Өзенмұнайгаз" мекемесі Сисем Ата қауымын өз қарауына алып, бірнеше игі шаруалар ұйымдастырып жатыр екен. Тіпті бүгін құдық қазу жұмысы да бітті деген сүйінші жаңалығын естідім.
    Нағашым Бекзат Қосайдың видеоға түсіріп, ақпараттық қолдау көрсеткенін айта кетейін.
    Қазақ мұнайының 120 жылдығы, Өзен мұнайының 55 жылдығына орай, мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңындағы мұндай іс-шаралар алда да жалғаса береді дейді. Оң болсын! Құтты болсын! Бейбіт күннің батырлары - мұнайшылардың мерейі мен көңіл күйлері көтеріңкі болса, бәріміздің жанымыз тыныш.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір