• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:22:53
Алматы
+35°

Жамбыл облысы Қырғыз Республикасының бірқатар аймақтарымен шекаралас орналасқандықтан да екі арадағы алыс-беріс те, барыс-келіс те үзілген емес. Дейтұрғанмен Тараз қаласының сыртымен өтетін айналма жолдың болмауы шаһардың негізгі көшелеріндегі көлік қозғалысына кері әсерін тигізіп келген-ді. Енді міне, бұл олқылықтың да орны толатын күн жақын. Таяуда көрші елмен байланыстыратын күре жолдың құрылысы басталды. Бұл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жемісі екендігін айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда «Айша бибі» кедендік бекеті орналасқан «Тараз – Өтмек Қырғызстан шекарасы» автожолының бойында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Жобаның іске асырылуы өз кезегінде 100 мыңға жуық тұрғынның көлікпен қатынауын қамтамасыз етпек. Сонымен қатар транзитті ауыр жүк көліктерінің қаланы оңтүстік беттен жылдам және қауіпсіз жүріп өту мүмкіндігіне қол жеткізбек. Бұл өз кезегінде халық тұрмысының, қала экологиясының жақсаруы мен жалпы өңірдің дамуына орасан зор үлесін тигізері сөзсіз.

– Жалпы жолдың ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Оның 1,7 шақырымы Тараз қаласының аумағымен өтеді. Қалғаны 14,3 шақырымы Жамбыл ауданына тиесілі. Сол арқылы күре жол «Айша бибі» кедендік бекетіне тіреледі. Құны 4 миллиард теңге болатын аталған жобаны «Қазахдорстрой» ЖШС іске асырып жатыр. Бұл қаржының 90 пайызы республикалық, қалған 10 пайызы облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 40 техника жұмылдырылған,-дейді Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Білгеніміздей биыл құрылыс жұмыстарына 880 миллион теңге бөлінген. Мұның 800 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған бөлігі облыстық бюджеттен қаралыпты. Осыншама қаржыға 4 шақырым жерге асфальт салу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, салынатын жолдың астынан 57 су құбырлары жүргізіледі. Сондай-ақ ені 24 метрді құрайтын көпір де салынбақ.

Ал «Қазахдорстрой» ЖШС-нің басшысы Майра Сұлтанқызының сөзінше, салынғалы жатқан жол сазды, шеңгелді жерден өтеді екен. Бүгінде оның 6 шақырымы арнайы техниканың көмегімен қопарылып ретке келтірілген. Сондай-ақ құбырлар орналастырылыпты. Сазды жер болғандықтан су жол салуға кедергі келтірмей қоймайды. Сондықтан мердігер компания жерді ретке келтіру барысында әк қолданып жатыр екен. Бұл өз кезегінде суды сорып, жерді қатайтатын көрінеді.

Егер жоба сәтті жүзеге асатын болса, Қырғыз Республикасынан шығатын жүк көліктері қалаға кірмей, осы жол арқылы қатынайтын болады. Сондықтан жолдың шыдамдылығы 13 тоннаға есептеліпті. Бұл өз кезегінде

Абай даңғылы бойындағы көлік қозғалының ретке келтірілуіне де оң септігін тигізбек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір