• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 17:11:15
Алматы
+35°

Ағымдағы жылы 80 жылдық мерейтойын тойлайтын Жамбыл облысының құрылған алғашқы жылдары-ақ өлкеде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, өңірдің әр қиырында фосфор, тұз, тас көмір, селитра, мыс кендерімен бірге Балқаш көлінің оңтүстік жағындағы Шу ауданының Алтытүлкі жерінде мұнайдың бар екендігі анықталған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Сол кезде жүргізілген геологиялық барлау экспедицияларының нәтижесінде облыс аумағындағы фосфор кенінің жалпы қоры 500 миллион теңге екені белгілі болды. Сондай-ақ Талас, Красногор (қазіргі Қордай ауданы) аудандарында қорғасын кені кездескен. Геологтар облыстың Сарысу, Талас, Шу аудандарындағы Қосащы, Қаракөл көлдерінде мол тұз кенін тапқан. Мұнан бөлек Красногор ауданының (қазіргі Қордай ауданы) Иірсу аңғарында тас көмір кені табылған. Жамбыл облысы құрылғанға дейін қазіргі Байзақ ауданы, Жетібай ауылының маңынан оқ дәрі жасауда қолданылатын селитра кені өндірілген екен.

Облыс аумағында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары Шу аңғарынан Менделеев кестесіндегі бірқатар химиялық элементтердің бар екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Мәселен аудандағы Жайсаң аңғарынан мыстың мол кені барланған. Шу, Красногор, (қазіргі Қордай ауданы), Қордай аудандарымен Жамбыл қаласының маңдарында құрылыс материалдары өте көп кездескен. Геологтар олжасын айғақтайтын құжаттарда Жамбыл ауданының Ильич кеңшарында торфтың мол қоры кездесетіні туралы жазылған.

Дегенмен бір қатар кен орындарын барлап, тапқанымен 1940 жылға дейін облыс аумағында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін аңғаруға болады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Ақбақайдан алтын, көмір барит кендері табылса, Мойынқұмның цементін, Таластың газын, Жайсаң мысын, Қарақыстақтың алтынын өндіру ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қаратаудың қойнауынан шығатын сары фосфор бүгінде Қазақстан химиясының әлеуетін күллі әлемге танытумен келеді. Аталған кенді игеріп жатқан «Қазфосфат» кәсіпорны бүгінде қазақ химия өнеркәсібінің алыбы саналады.

Облыс аумағында әлі күнге дейін жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары өңірде пайдалы қазбалардан 100-ден астам түрінің бар екенін анықтады. Бір ғана Мойынқұм ауданының өзінде тас көмірдің мол қорынан бөлек алмас өндірісін қолға алу да болашақтың еншісіне қалып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір