• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 15:37:27
Алматы
+35°

Елдің жадында, ұрпақтың санасында өлмес ісімен дараланған тұлғалар есімі қазақ даласында көптеп дүние есігін.Соның бірегейі қазақтың үш биінің төбе биі Төле Әлібекұлының кіндік қаны қазіргі Жамбыл облысы, Шу аңғары Жайсаң жайлауында тамған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Төле би XVIII ғасырдағы қазақ даласындағы кемеңгер, текті тұлғалардың бірі саналады. Елдік пен ерлік мәселесінің тағдырына жалғыз сөзімен түйін қойған тұлғаның кіндік қаны тамған жерге қойылған ескерткіш белгі Шу ауданы, Жайсан қыстауынан шығысқа қарай 13 шақырым жердегі Үңгірлі өзенінің сол жағасындағы төбенің басында орналасқан. Ескерткіштің биіктігі – 3,2, ені 1 м болатын қызыл мәрмәр тастан өңделіп жасалған.

Төле өз халқының шешендік өнері мен дәстүрлерінің қайнар бұлағына жастайынан бас қойған, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналыстарына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында дүйім жұртқа таныла бастайды. Ол өмір сүрген кезең қазақ пен жоңғар хандықтары арасындағы жаугершілік заманға тұспа-тұс келіп, саналы ғұмырын ел тағдырына арнаған. Төле би, Орта жүздің бас биі Қазыбек Келдібекұлы және Кіші жүздің бас биі Әйтеке Байбекұлы үшеуі Тәуке ханның бас кеңесшісі болған. Төле би Тәуке ханның Түркістанды Қазақ хандығының астанасы етіп бекіту, үш жүзді бір орталыққа бағындыру, Қазақ хандығын күшейту, туыс қазақ, қарақалпақ, қырғыз және өзбек халықтарының жоңғар-ойрат басқыншыларына қарсы әскери одағын құру сияқты маңызды мемлекеттік істердің басында жүріп, жүзеге асыруға белсене атсалысты. Тәуке хан өлімінен кейін Қазақ хандығы әлсірей бастайды. Ұлы жүзді басқарып отырған Төле би қазақтардың басын біріктіріп, оларды жоңғар басқыншылығына қарсы ұйымдастыра білген. Кей мәліметтер бойынша, Төле би Абылай сұлтанның қайраткер ретінде қалыптасуына да ықпал еткен көреген ұстаз.

Төле би Абылай ханның ақылшы серігі ретінде және Қабанбай, Бөгенбай және Жәнібек батырлармен бірге біртұтас халық майданын құрып, азаттық жолында күрес жүргізген мемлекет қайраткері.

Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең тараған. Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында билік жүргізген Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысқан. Төле би есімі күллі қазақ тарихына қатысты ірі оқиғалармен тығыз байланысты. Қазақтың қоғам қайраткері, ақылман, шешен, Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғы» заңнамалық құжатын жасаушылардың бірі Төле би 1756 жылы дүние салып, өзі 12 жыл билік жүргізген Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір