• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:22:45
Алматы
+35°

Кеңестік жүйе күшіне еніп, қызыл империя қаһар төккен 1960 жылы Жамбыл облысында 2 мешіт болған.Алайда бұл қылышынан тамып тұрған Кеңес одағы орнаған алғашқы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш еді.1935 жылы өңірде жұмыс жасаған мешіт пен шіркеудің жалпы саны 33 болатын деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

«Дін–апиын» деген көзқарасты ұстанып, дінсіз, құдайсыз қоғам құруға ұмтылушылықтар болғанымен Кеңес одағы тұсында да діни ұйымдар мен мекемелер тұрақты жұмыс жасап тұрған екен. Соған қарамастан билік діни ұйымдар мен қоғам арасындағы байланысты басты назарда ұстаған сыңайлы. Облыстық мұрағаттар қорындағы мәліметтерде 1935 жылы Жамбыл қаласында 33 мешіт пен шіркеу болса, 1960 жылдың соңында облыста ресми түрде екі мешіт жұмыс жасағаны айтылады. Оның бірі Жамбыл қаласында болса, екіншісі Меркі ауданында орналасты.

Ресми мәліметтер 1960 жылдардағы жағдай бойынша өңірде 6000-нан аса адамның Ислам дініне сенгендігін айғақтайды. Ал Жамбыл қаласындағы мешітке күн сайын намаз оқу үшін 60-80 адам келетіндігі анықталған. Жұма намаз кезінде бұл көрсеткіш 2000-ға дейін ұлғайған. Ораза, құрбан айт намазы күндері олардың саны тіпті 4500-ге жетіпті.

Облыстық мұрағатта сақталған енді бір деректе Тараз қаласындағы мешіттің табысы 1958 жылы 199 784 сом болғаны жазылған. 1959 жылы мешітке түскен жылдық табыс 164 035 сомды құрапты. Ал 1960 жылы «Құдай үйіне» 136056 сом табыс түскен екен. Бұл қаржы негізінен мешітте неке қиюдан, жаназа шығарудан, қатым құран түсіруден, пітірден және ерікті түрде қаржы беруден жиналып отырған. Исламның кейбір шарттарын орындау мақсатын облыс аудандарындағы тіркелмеген елді мекендерді аралап жүретін 80 молда да болған екен. Мешіттен бөлек сол тұста облыс аумағын мекен еткен мұсылмандар арасынан Қарахан әулие, Шомансұр, Айша бибі, Бабаджа Хатун, Тектұрмас, Сыпатай батыр кесенелері мен мазарларына тәу ете баратындардың болғандығы жазылады.

Мешіттерден бөлек Жамбыл қаласында эвангелист-христиан баптистерінің ғибадат үйі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Сонымен бірге, 15 тіркелмеген бірлестіктер мен секталар үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Олар негізінен сенбі, жексенбі күндері дінге сенушілердің жеке үйлерінде бас қосты. Олардың арасында неше түрлі ағымды насихаттаушылар болды. Есеп бойынша олардың жалпы саны 6000-нан асты.

Алайда мұрағат қорындағы діни ұйымдардың жұмысы жайында келтірілген мәліметтерде діни бірлестіктердің әрбір іс-әрекеті, жиналған адам саны, қаражаты қатаң бақылауда болғанын аңғарылады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір