• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:48:26
Алматы
+35°

Жамбыл облысында қарқынды жүргізілген тың және тыңайған жерлерді игеру экономиканың өзге салаларының дамуына ықпал жасады. Әсіресе алқаптардан жиналған дақылды сан тарапқа жөнелту мақсатында теміржолмен жүк тасымалының рөлі нығайып, шойын жолмен жүк тасымалының көлемі 30 пайызға өсті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Облыстық архив қорындағы мәліметтерде Жамбыл облысы аумағындағы тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары 1954 жылдың 19- қазанында Қазақ ССР Министрлер Советі «Жамбыл облысында жаңа астық совхоздарын ұйымдастыру туралы» қаулысы қабылданғаннан кейін басталғанын айғақтайды. Сол тұста облыстағы жаңадан құрылған кеңшарлар есебінен жалпы кеңшар саны 6 есеге дейін ұлғайды. Жаңадан игерілген егістік алқаптары мол өнім алынып, диқандар 1 миллион 163 мың тонна астық жинады.

Сол кезеңдерде тың кеңшарлары мемлекетке 382 мың тонна астық, 20 мың тонна сүт, 25 мың тонна ет, 4600 тонна жүн және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсырды. Тек «Далақайнар» кеңшарының өзі 13581 тонна, ал «Түркістан» кеңшары 11476 тонна, «Подгорный» кеңшары 29672 тонна, «Аспара» 13776 тонна астық өткізді. Өз кезегінде мемлекет алдына осы мол астықты тасымалдау мәселесі қойылды. Сәйкесінше аталған астықты Кеңес одағының сан қиырына жіберу теміржолмен жүк тасымалдау саласына тыңнан түрен салды. Сондықтан да жергілікті билік 1955 жылы теміржол желілерінде қалыптасқан түйінді мәселелерді шешуге бар күш жігерін жұмсады. Соңғы 5 жылмен салыстырған Мойынты-Шу темір жол желісінің пайдалануға берілуі есебінен теміржолдың Жамбыл және Сарышаған бөлімшесінде пойыздардың жүруі қырық пайызға артты. Жүк тасымалдау 30 пайызға және жүк тиеу 35 пайызға көбейді.

Сондықтан да, облыс басшылары Кеңес одағының Жол қатынастары министрлігіне хат жолдап, Бірлік-Түлкібас станцияларының араларында екінші теміржол желісін салуды сұрады. Сонымен бірге, Жамбыл теміржол бөлімшесінде 11 мың адам жұмыс істейтіндігіне қарамастан, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету нашарлығы да айтылды. Сондай-ақ станцияларға мектептер мен ауруханалар, басқа да тұрмыстық әлеуметтік ғимараттар салу сұралды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір