• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 18:28:30
Алматы
+35°

Қазақстан 140 этнос пен 19 конфессия өкілдерінің туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Жуырда Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі – «Бірлік» қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігінің этнос күні өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанындағы облыстық «Бірлік» қарашай-балқарлар Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігі ұйымдастырған басқосуда Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсудқызы жиылған қауымды атаулы күнмен құттықтай келе, «Бірлік» қарашай-балқарлар бірлестігінің аға буын өкілдері мен жастарына өзінің жылы лебізін білдірді.

– Қазақстан – барлық этнос өкілдеріне кең құшағын жая білген қасиетті ел. Өңірлік «Бірлік» қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігін бүгінгі этнос күндерімен құттықтай отырып, өткені мен болашағына зор құрметпен қарайтындығымызды білдіреміз. Қарашай-балқарлар қауымдастығына деген ықыласымыз шексіз. Ұйымның талапты, өнерлі жастарына өсіп-өркендеу тілейміз! – деді Р. Махсудқызы.

Сондай-ақ, жиында қарашай-балқарлар бірлестігінің басшысы Леля Ахмадқызы қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қарашайлардың жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ халқы оларға өте ыстық екенін айтты.

– Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді. Саны аз болғанымен, қарашай-балқар жұрты ұлттық болмысын сақтап, мәдени орталықтары арқылы, өзіндік салт-дәстүр мен мәдениеті барда ұлт ретіндегі ерекшеліктерін қастерлей білетін халық. Бүгінде осы Ассамблея, тағдыры тоғысқан этностық ұлт өкілдерінің ауызбіршілігін бір шаңырақ астында ұйытып, бірлігін нығайту бағытында толайым тірліктер атқарып келеді, – деді ол өз сөзінде.

Жиын соңында Жамбыл облысы ҚХА игі іс-шараларына аянбай өз үлестерін қосып, қайырымдылық танытып жүрген «Бірлік» қарашай-балқарлар бірлестігінің Аналар кеңесінің беделді мүшелері мен шығармашылық жастарына алғыс хаттар мен сыйлықтар тарту етілді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір