• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:45:30
Алматы
+35°

26 Тамыз, 2019 NEWS

ШҚО-да «Толағай сұлтаны-2019» спорттық-шығармашылық байқауының қорытындысы шығарылды

Алғашқы күні қатысушылар қазақтың ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түсті. Екінші күні өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді

Қазылар алқасы мен көпшілік қауымның көңілінен шығу үшін халық әндерін әуелете шырқап, ұлттық аспаптарда ойнап, стендап көрсетіп, әртүрлі сиқырларды көрсетті.
 
Әсіресе, Бесқарағай ауданынан келген Данияр Бекболатовтың серіктесімен бірге аралас жекпе-жектен үзінді көрсеткені көрермендердің есінде ұзақ уақыт бойы сақталары сөзсіз. 
 
– Барлық қатысушылардың дайындығы мықты. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұл сайыс маған ерекше күш-жігер берді. Қол күрестен екінші орын алдым. Домбырамен терме айтып, музыканың сүйемелдеуімен өлең оқыдым. Бұдан соң жолдасыммен бірге аралас жекпе-жектің әдіс-тәсілерін көрсеттік. Мұндағы басты мақсат – жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, салауатты өмір салтын насихаттау, – деді Данияр Бекболатов. 
 
ШҚО
 
Шығармашылық байқаудың соңында викториналық сұрақтар қойылды. Қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдебиетінен, ақын-жазушылардың шығармашылығынан сыр шертетін сауалдарға жауап берді. Бұдан соң қазылар алқасы мірдің оғындай мықты жігіттердің ішінен жеңімпазды анықтауға жөнелді. Ал аудан тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға барып, әншілер мен бишілердің өнерлерін тамашалады.
 
Байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орынды Павлодардан келген Батырбек Қошқарбаев иеленді. Оған 500 мың теңге табысталды. Екінші орынды алған Тілеухан Нұрханға 700 мың теңге ұсынылды. Ал байқаудың екі кезеңінен сүрінбей өткен Түркістан облысының тумасы Ақбар Елубайұлы 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Бас жүлде Абай ауданының намысын қорғаған Айдос Үркімбаевқа бұйырды. Ол сужаңа Lada Granta автокөлігін тізгіндеді. 
 
Мереке демеушілердің қолдауымен өтті. Байқау барысында аталмыш шараның өтуіне мұрындық болған Көкпекті ауданындағы "Елімай" агроөнеркәсіптік кешенінің директоры Болат Бекбердинов сөз алып, жиылған қауымға жылы лебізін білдірді. Осы орайда кәсіпкердің айтулы доданың жеңімпазына Lada Granta автокөлігін тарту еткенін атап өткен орынды. 
 
Іс шараға Көкпекті ауданының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандар мен құрметті азаматтар да қатысты. Соның бірі орта білім беру жүйесіне ақпараттандыруды енгізген танымал физик, профессор, математик Адамбек Татенов. Ол таяуда Тассай ауылы мен Бесқарағай ауданындағы мектепке виртуалды-интерактивті лабораториялық жұмыстарды жүргізетін кешенді тарту етті. Оның көмегімен химия, биология, физика пәндерін жүргізуге болады. 
 
Бұл кешеннің ерекшелігі сол, онда оқушылар еш алаңсыз химиялық реакцияларды жүргізіп, компьютер арқылы физика мен математика пәндерінен әртүрлі сынақ жұмыстарын жасай алады. Бүгінде бұл кешеннің Қазақстанда да, шетелдер де бірде бір аналогы жоқ. 
 
Спорттық-шығармашылық байқаудың ақтық кезеңінде байқаудың өтуіне үлкен үлес қосқан Бүкіләлемдік Армреслинг Федерациясының Құрметті Вице-Президенті және Азияның гір спорты федерациясының президенті, Мұхамедолла Ағзамов, Көкпекті ауданының Құрметті азаматы, еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласын басқаруға арнаған Құрибай Сұлтанов қатысты. Сондай-ақ спортшыларға қолдау көрсету үшін ауданның бұрынғы әкімі Атымтай Абенов, ауданның Құрметті азаматы Жақсылық Фрунзе сынды басқа да жерлестер келді. Осылайша, олар байқаудың өтуіне қолдан келгенше көмек көрсетті.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір