• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:37:56
Алматы
+35°

Кешірілер кемшілік

"Егемен Қазақстан" АҚ-ның бұрынғы президенті, журналист Сауытбек Әбдрахманов кезінде Сыр бойындағы бір іс сапары барысында Шиелідегі "Қазатаомөндірісі" АҚ-на қатысты №6 кен басқармасына соғады. Жергілікті әкімдер мен кен басқармасының басшылары құрақ ұша күтіп, жұмыс жағдайымен таныстырады. Соңынан қорытынды жиын өтеді. Соңынан сөз алған қаламгер өз тұжырымдарын айта келіп: "Негізінен жұмыстарыңыз дұрыс секілді. Дегенде, бір кемшіліктеріңіз бар екен..," деп басшыларға сынай қарайды. Лауазымды адамның аузынан кемшілік деген сөз шыққанан "Ойпырмай, қай жағымыздан құдай ұрып қалар екен" жергілікті басшылар қыпылықтай бастайды. "Кемшіліктеріңіз сол.., руға бөлінеді екенсіздер..", дейді Сауытбек. Басшылардың бірі: "Жоқ, ә, бізде бөлінушілік жоқ", десе, екіншісі мойындағандай: "Қазақ болған соң, ондай-ондай кездесіп қалуы мүмкін..." деп күмілжиді. Шамалы үзіліс жасап алған депутат: "Және де оларыңызды әр жерге жазып қояды екенсіздер" деп қадала түседі. "Олай емес десеңіздер, РУ-6, РУ-4, РУ-3" деген жазуы бар көрнекілікті қалай түсінеміз?" дейді күлместен. Осы кезде алдыңғы сөздің зілінен сасқалақтаған басшылар Әбдрахмановтың әзілдеп отырғанын енді аңғарғандай жамырай сөйлей жөнелісіпті: "Ойбай-ау, ол мекеменің аты емес пе, РУ-деген "Руда Управление" дегеніміз ғой...

 Діріл мен дүріл

Белгілі журналист Ақайдар Ысымов 67 жасында екінші некелі әйелінен ұлды болып, қуанышын өзі туған ауылы – Телікөлде де атап өтеді. Бұл жиынға негізінен институтта бірге оқыған жақын достары, сыйлас жора-жолдастары қатысады. Көңілді дастархан басында атақты тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасаров даусын мың құбылта дірілдетіп, әртістік мәнермен жұрттың ішек-сілесін қатырып отырса керек. Көпшілікпен бірге жадырап отырған Сауытбек те әзілді ары қарай жалғастырып: "Дегенде жасы алпыстан асқан кісінің дірілден аулақ болғаны жөн. Әсіресе, Сен.., Ақайдар байқа!", дейді астарлай сөйлеп. Сол кезде Ақаң саспастан: "Ә, мына қызықтың бәрі – сол діріл мен дүрілдің арқасы шығар..." депті.

 

Әр жазушының өз стилі бар

Сықақшы жазушылар Ғаббас Қабышев пен Есенжол Домбаев әдебиет туралы әңгімелесіп отырғандарында: "Әр юмористің өзінің стилі бар, менің стилім, мысалы, Садықбектің, Оспанханның, Оспанәлінің стилінен бөлек, ұқсамайды, ұқсамауы керек. Әйтпесе, бәрі бірдей болса, сонда не болады?" – деп бетіне сұраулы жүзбен қараған Есенжолға Ғаббас: "Онда лекция болады", – дейді іле-шала. Бұған Домбаев риза болып қалса керек, күліп жіберіпті.

Емге таппайсың

Кеңес одағы кезінде, сонау жетпісінші жылдардың бас кезі болса керек, сценариін жас талант жазушы Дулат Исабеков жазған "Гауһартас" фильмі  түсіріліп, Мәскеуге бекітуге Госкиноның бастығы Қалтай Мұқамеджанов алып барады. Талқылаудан соң одақтық комиссия фильмді негізінен экранға жіберуге келіседі де, идеология жағынан бір ескертпе жасайды. "Бәрі жақсы, дегенде фильмде орыс ұлтының бірде-бір өкілі жоқ екен", дейді. Қашанда қалжыңы дайын Қалтай ағамыз сонда: "Сиыр бағатын, шошқа бағатын орыстар Қазақстанда бар, ал қой бағатын бір орысты емге таппадық", – деп әзілге сүйенген уәж айтып тапқырлық танытқан екен.

Жинаған Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қызылорда облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір