• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:01:30
Алматы
+35°

27 Тамыз, 2019 NEWS

Шаруаға керегі несие ме, әлде көмек пе?

Мал басын, мал азығын дайындау техникасын несиеге беруден біз ұтамыз ба, әлде ұтыламыз ба ?

Бізде ауыл шаруашылығы ісін жандандыру мақсатында несие алып, оны уақтылы төлей алмаған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің пайыздық көрсеткіші 86 пайызға дейін жетіпті. Бұл көрсеткішке алаңдап отырған мамандар ауылды несиелендіру ісін бір жүйеге бейімдеу қажеттігін алға тартуда. Ендеше ауылға несие апару ісін қалай тереңдету керек? Ауылдағы ағайынның несібесін арттыру үшін болашақта не істелінуі қажет?

Жалпы, ауылға арзан несие апару мақсатында мамандар тарапынан да, шенеуніктер пікірімен де бұған дейін бірнеше ұсыныстар айтылды. Қайсыбір сарапшылармыз ауылға сауатты несие жүйесін апару үшін арнайы салалық банктер жұмысын тетікке қосуды ұсынды. Десек те, бізде осы уақытқа әр саланы қаржымен қамтитын салалық банктер құру жүйесі де әзірге іске асырылмады.

Егер агро секторға қатысты нақ қазіргі күйіп тұрған мәселе ретінде ресми деректерге жүгінсек, жер күтімінің жоқтығына байланысты еліміз бойынша жайылымдық жердің 65 пайызы, егістік жердің 62 пайызы жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ мал азығын дайындайтын техникалардың 80 пайызы іске жарамсыз күйге түскен. Мамандар «алдағы уақытта агро-несие саясаты осы бір тығырықтан құтқара ма» деп те үміттеніп отыр, Сонымен, мал басын, мал азығын дайындау техникасын несиеге беруден біз ұтамыз ба, әлде  ұтыламыз ба ?

Ұтатын тұсымыз...

Бұл ретте экономист-ғалым, «Агро консалтингтік ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғалижан МӘДИЕВ мырза былай дейді:

– Әрине, нақ қазір өздері қиындық көріп, отырған ауылдағы  халық үшін несиеге мал басын алу қорқынышты болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл әдістің өзіндік пайдалы тұстары бар. Негізінде, өркениетті елдердің, соның ішінде Германия, Австрия, Австралия елдерінің фермерлері бұл үрдісті жақсы меңгерген. Мәселен, Австралияда асылтұқымды мал басын несиеге беру үрдісі кең дамыған. Оларда малды несиеге берудің пайыздық көрсеткіші 4-5 пайызды құрайды. Меніңше, біз осы несиеге мал беруді сауатты түрде жүзеге асыра алсақ, ауылдағы шаруалардың жауапкершілігін арттырар едік. Қазір отандық экономистердің дені «кезінде жекешелендіру тұсында шаруаның алдына мал салғанда, «міне, саған екі қой бердім. Бұл екі қойды келесі жылы төртеу етесің» деп міндет жүктеуіміз керек еді» дейді. Несиеге мал беру де осы іспетті. Мал басының несиеге алынғанын ескерген кез келген шаруа қарызын өтеу үшін малды көбейтуді көздейді. Бұдан ұтатын тұсымыздың бір жолы – осы. Екіншіден, меніңше, шаруаларға тек мал ғана емес, жаңа техника да төмен пайызбен несиеге берілуі керек. Сондай-ақ ауылды жерлерде жерді несиеге беру жүйесін енгізген жөн. Жерді өндірістік мақсатта пайдалану үшін несие жүйесін енгізсек, жөн болар еді. Қалай десек те, нақ қазіргі дағдарыс жағдайында ауылға несие жүйесі керек. Өйткені қазірде қаржы тапшылығы бар.. Демек, несие керек болып тұр. Сондықтан мұны қолдаған жөн, дейді.

Сөйтіп, несие турасындағы қайсыбір мамандардың пікірі осындай. Алайда банк секторының маманы, экономист-сарапшы Илияс ИСАЕВ: «Несиеге мал берудің бұрыс тұстары бар екенін жасырмауымыз қажет», – дейді.

Ұтылатын тұсымыз

Шаруаларға қарызға мал беру турасында ұтылатын тұсымыз жайлы Илияс ИСАЕВ төмендегідей ой өрбітті:

«Егер біз шаруаларға несиеге мал беретін болсақ, онда олардың мойнына тағы бір қамыт кигізгеніміз болады. Бұл жерде бір ескеретіні, шаруалардың қолында қазір түк жоқ. Ал енді несиеге мал беретін болсақ, олар мұны өтей ала ма? Егер өтей алмайтын болса, мұндай тәуекелге бару банк үшін де, Үкімет үшін де тиімсіз емес пе? Мұндай үрдісті қолға алу арқылы біз онсыз да тұралап тұрған екінші деңгейлі банктердің ахуалын төмендетіп жібермейміз бе? Міне, бірінші кезекте осы мәселелерді ойластыру керек тәрізді. Меніңше, ауыл шаруашылығы саласын пайыздың тұзағына салып қою мүлде дұрыс емес. Бізде осы уақытқа дейін ауылдағы кәсіпкер шаруаларға 13 пайыздық несие беріліп келді. Бұл – қып-қызыл қанау ғой. Егер біз ауылға жанымыз ашыса, алдымен осы 13 пайыздық несие көлемін 1 пайызға түсіріп алайық. Содан кейін барып малынан айырылғандарға арнайы несиесіз жәрдемақы бөлінуі керек. Болмаса, біз ауыл шаруашылығын тұралатып аламыз».

Сонымен, шаруаларға несиеге мал беру турасында біз тілдескен мамандар пікірі осылай өрбіді. Жалпы, деректерге жүгінсек, біздің елімізге тауарлық несие жүйесінің енгеніне 10 жылдан асты. Негізінде, осы несие жобасының авторы бангладештік Мұхаммед Юнус бұл жобаның кедейшілік көрсеткішін төмендетіп, кәсіпкерлікті дамытатынына үлкен сенім артыпты. Тіпті несие жүйесін сауатты меңгерген дамушы елдердің біразы «Несие – қаржылық жағдайыңды түзеуге бір қадам жақындау. Қор жинауға берілген мүмкіндік» деген түсінікпен күн кешеді. Әйтсе де халықаралық нарықта жоғары бағаланып, халықты «кедейшіліктен құтқарады» деген несиеге келгенде, біздің ебіміз жоқ. Бұл ретте отандық мамандар мәселенің бұлай қалыптасуы қазақтың шаруаға қырсыздығынан емес, әу баста несие жүйесінің іргетасы сауатты құрылмағандықтан екендігін алға тартады...

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір