• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Қыркүйек, 10:54:59
Алматы облысындағы төтенше жағдай кезінде екі адам қаза тапты

28 Тамыз, 2019 NEWS

Нұрлан Ноғаев: Тек еңбекқорлықтың арқасында ғана адам табысқа қол жеткізеді

"Мемлекеттің міндеті – адамның бар мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау, оның дамуына ықпал ету".

27 тамызда Атырауда Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

21 тамызда Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен еліміздің астанасында партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асу барысы мен съездерде берілген тапсырмалардың орындалысы талқыланды.

– Өз сөзінде Елбасы партияны жүйелі қайта жүктеу бағдарламасын ұсынды. Елбасы партияның белсенді мүшелерін топтастыруды, барлық деңгейдегі партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, партиялық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды, – деді Н.Ноғаев.

image

Өңір басшысы атап өткендей, партияға деген сенімді арттыру үшін барлық қойылған міндеттер мен берілген уәделер орындалуы керек. Бұл мақсатқа қол жеткізуде барлық партия мүшелері қажырлы еңбек етуі тиіс – фракциялардың, бастауыш ұйымдардың басшылары, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері.

Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Партияның алдында тұрған міндет – коррупцияның алдын алу бойынша жұмысты күшейту, ақпараттық стратегияны түбегейлі қайта қарау, идеологиялық жұмысты күшейту. Бұны өңірдің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев атап өтті. 

– Әлеуметтік желілерде, азаматтарды жеке қабылдауда кейде біздің атымызға сын айтылып жатады. Мемлекеттің міндеті – адамның бар мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау, оның дамуына ықпал ету. Басқасының барлығына ол өзінің білімімен, білігімен, күш-жігерімен қол жеткізуі тиіс. Өңірімізде жұмысқа орналасуға мүмкіндік жеткілікті, өз ісін ашу үшін түрлі бағдарламалар бар. Талпынған адамға әрдайым жұмыс табылады. Ең бастысы – басқаға иек артудан, мемлекетке деген тұтынушылық көзқарастан арылу қажет, – деп атап айтты Нұрлан Ноғаев. 

Бұл бағыттағы проблемалық мәселе – бірқатар азаматтар біреуге иек артуға дағдыланып қалған. Отырыста айтылғандай, мемлекет шын мәнінде мұқтаж болып отырғандарға ғана көмектесуі керек.

Көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдаудың тиімді құралы бір реттік көмек емес, жұмысқа орналастыру, оқыту және қайта оқыту, өз ісін ашу үшін несиелеу сияқты шаралар болуы тиіс. Бүгінде облыста 6,5 мың отбасы (36 мың адам) адресті әлеуметтік көмек алады. Бұған 1,9 млрд теңге бөлініп отыр. Осыдан бір жыл бұрын көмек алушылардың саны 2,2 мың отбасын құрап, оған қажет қаражат 500 млн. теңгеден аспайтын еді. 

– Бұл қуантарлық көрсеткіш емес. Кейде жәрдемақы алу үшін табыстарын жасырып, семьяларын бұзатын фактілер де кездесіп жатады. Алайда, олардың барлығы мұқтаж адамдар емес. Сондай-ақ, егер адам тек жоғарыдан көмек болады деп үйреніп кетсе, ол ешнәрсеге талпынбай, ағыммен жүре береді. Тек еңбекқорлықтың арқасында ғана адам табысқа қол жеткізеді. Осыны жастардың санасына сіңіруіміз қажет. Ертең қызмет етіп, мемлекеттің игілігін жасайтын солар. Бүгінгі таңда партияның алдында тұрған міндет – барлық әлеуметтік және экономикалық мәселелерді қамти отырып, мемлекетіміздің бастамаларын ілгерілету, қоғамның белсенді топтары мен жастарды тарта отырып, партиялық жобаларды іске асыру. Алда үлкен міндеттер тұр, біз соларды бірлесіп орындауға тиістіміз, – деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір