• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 17:47:47
Алматы
+35°

29 Тамыз, 2019 Әлеумет

Өндіріс пен банк арасы, қинап тұрғанын қарашы

Экономист-ғалымдардың пайымдауынша, қазірде елде шағын фирма ашқысы келетін, бірақ соның жөн-жобасын, шағын фирманың артықшылықтарын біле бермейтін қауымның қарасы көп.

Әсіресе көпшілік қауымның басым бөлігі дағдарыс кезінде шағын өндірістің артықшылықтарын, оны қалай ашу керектігін, өндіріс ашуда ыңғайлы ауданды қалай таңдау қажеттігін ескере бермейді. Ендеше алғашқы қадамды қалай бастаған жөн? 

Әрине, қандайда бір істі бастамас бұрын алдымен оның тиімді тұстарын аңғарып алғанымыз өзімізге пайдалы. Олай болса көп созбай-ақ шағын өнідірістің артықшылықтарын електен өткізіп көрелік. Ол үшін біз нарықтық қағиданы үнемі бақылап отыратын мамандардың кеңесіне жүгіндік. 

Негізінен, арнайы бизнес орталықтардың зерттеу блогтарына көз жүгіртсек, расымен де қазірде өз фирмасын ашып, бизнеске енгісі келетіндердің қатары көбейген. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына кестеге назар аударып көрелік:

кесте

Сөйтіп, 250 мың адам қатысқан бұл зерттеу блогы елде шынымен де өзінің кәсібін ашып, нәсібін арттырғысы келетіндердің басымдық бере түскенін айқындайды. Өз қаражатына бизнес ашқысы келгендердің басымдығын көріп тіптен қуандық. Мамандарымыз бұл тұрғыда шағын өндіріс ашқанда расымен де өз қаражатың болғаны ең дұрыс шешім екенін алға тартады. 

Негізінде, қолымызда қаржы жоқ, сондықтан банктерге барар жолды таңдау арқылы шағын өндіріс ашқымыз келді делік. Онда кәсіпкерге асқан шыдамдылық керек. Бұл жерде сіздің біліміңіз де, кәсіп ашуға деген мотивацияңыз бен сенімділігіңіз де, көшбасшылық қасиетіңіз де кейінге сырылып қала береді. Банктерге сізден керегі құлаш-құлаш құжат. Одан кейін кепілге қоятын затыңыз, сенімді тұлғаңыз, айлық табысыңыз, тіпті қала берді зейнетақы қорыңыздағы қаржыңыздың да қомақты болуы. Біздегі банктердің шағын өндірісті қолдауға деген бейілі тым бейқам екенін ескерсек, мына пікірге назар аударуға тура келеді.

Бұл ретте, экономист-ғалым, Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ:

"Қарапайым ғана мысал, мен осыдан біраз бұрын Волгаград қаласында болдым. Сонда бір экономист ғалыммен тілдескен едім. Сол ғалым: "Кезінде біздің елдің банктері Екінші дүниежүзілік соғыс болып жатқанда танкілер жасауға несие беріп, сол банктің инспекторлары танкілердің дұрыс жасалған-жасалмағанын тексеріп, одан пайда бар ма, жоқ па, соны зерттеп отырған", – деп айтқан еді. Көрдіңіз бе, өндіріс пен банк арасындағы қарым-қатынас деп осыны мысал етуге болады. Өзге елдің банк саласының мамандары қанды қырғын соғыс болып жатқанда өндіріс орындарына барып, олардың ахуалын жіпке тізіп сараптама жасайды. Ал мұндай жүйе бізде мүлде қалыптаспаған. Осыдан кейін "банктеріміз шағын өндіріспен тығыз қарым-қатынаста" деп қалайша айта аласың? Сондықтан мұндайда амалсыз шағын өндіріс ашушыларға өз күніңді өзің көр деуге тура келеді" дейді.

Жалпы, маманның пайымдауынша, біздегі шағын өндірісті машақатқа тірейтін банк саласы көрінеді. Егер банк пен шағын өндіріс арасында тығыз байланыс болғанда бұл екі жаққа да пайдалы болар еді. Бірақ отандық банктер кәсіпкерден гөрі бірінші өзінің түсіміне көбірек ойлайды да, көбіне кәсіпкерлерімізге банкке барар есікті сыртынан қайта жабуына тура келеді. 

Сондықтан мамандардың байыптауынша, шағын өндіріс кәсібін жүргізуде, әсіресе дағдарыс кезінде істі алға бастыруда мына жайттарды ескерген абзал:

  1. Тәуелсіз жұмыс істеу. Бұл ынталы да жігерлі кәсіпкерге іс-әрекет бостандығын береді.
  2. Икемді әрі тез шешімдерді қабылдау мүмкіндігі. Ірі корпорацияларға қарағанда шағын бизнестегі басқару шешімдерін қабылдау құрылымы оңтайландырылған. Бұл болып жатқан өзгерістерге дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін береді.
  3. Бірнеше мамандықты алып жүру. Адам әмбебап болуға тырысады (қаржы маманы, менеджер т.с.с. ).
  4. Өзіндік немесе дербес нарық артықшылығы. Әдетте ірі бәсекелес компаниялардың іс-әрекеттері бас кеңселері қарастырған процедураларға тәуелді болады. Шағын бизнес оларға қарағанда ширақ келеді, әсіресе нарық белгілі бір шарттарға немесе белгілі бір мерзімге байланысты болған жағдайда.
  5. Кәсіпкерлік рухты сақтай білу. Дүниежүзілік статистикаға жүгінсек, шағын өндірістің инновациялық, кәсіпкерлік рухы өте жоғары болады. Оған заманауи салаларда (электроника, гендік инженерия, компьютерлер) шағын бизнестің басым болуы дәлел болады. АҚШ-та "шағын кәсіпорындарда істейтіндер арманшыл, қиялшыл болып келеді" деседі. Сондықтан жағдайға сай қызықты механизмдерді ұсынып отыру, жергілікті әкімдіктермен тығыз байланыста болу, олардан жеңілдік алу арқылы тауарды нарыққа өткізу, субсидия, дотацияларды сауатты пайдалана отырып өндірісті өркендету де маңызды болмақ. Мысалы, бұған қатысты мамандар "әкімдер тауар өндірушілерге тауарыңның бағасын сәл арзандатсаң, жергілікті бюджетке салық төлеуде сәл жеңілдіктер болады деген тәрізді қызықты ұсыныстар ұсынады, міне осындай сәттерді құр жібермей мемлекеттік органдармен бірлесіп іс жүргізу қашанда тиімді" деседі.

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір