• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 23:55:08
Алматы
+35°

Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан Ақкесене бекінісі шөлді жазық дала жолаушыларының жол бағдары болған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Талас ауданындағы Үшарал ауылынан 27 шақырым солтүстіктегі құмды жазықтықта, Қалмақарық деп аталатын ескі арнаның жағасында орналасқан кесене Х-ХVІІ ғасырларға жатады. Кесене жайындағы аңыз-әңгімелердің бірінде Бетпақтан өтіп, ауыр жол азабын тартып келген керуенбасының: «Шөлді жазықта жолаушыларға бағдар болатын белгі керек» – деген өтініші бойынша Қарахан тараздық шеберге салдырған деседі. Келесі бір аңызда Кіші Орданың билеушісі Әбілхайыр Талас өлкесінде Көк кесененің түбінде қалмақтың Өз-Темір тайшысынан жеңіліп Сыр бойына шегінді. Ханның нақсүйері үшін соғылған Көк кесененің қасынан Ұса мен Зеренг тайшылар Ақ кесенені соқтырады. 1465 жылы Жәнібек пен Керей бастаған қазақ рулары, Шу мен Мойынқұмға келіп, мемлекет құрып, шекаралық аумағын кеңейту барысында батысқа қарай жылжыған кезде Ұса мен Зеренг Көк кесене мен Ақ кесенені тастап қашып кеткен делінеді.

Ескерткіш ғылыми тұрғыдан өте көп зерттелген. Алғаш рет кесенені В.А. Каллаур 1896 жылы байқап тізімге алады. Сондай-ақ, 1945, 1949 жылдары өлкеде болған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы, 1980 жылы «Қазжобалауқайтажаңғырту» институты, 1983 жылы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық тобы да кесенеге толықтай ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал бекініс 2006-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қайта қалпына келтірді. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі бекіністің ешқандай іргетассыз тұрғызылғанын айғақтады. Құрылысы шаршы тәрізді, бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған, бұрыштарында мұнаралары бар. Ескерткіштің жалпы көлемі 22х21 метр. Ақкесене деп аталып кеткен шығыс бұрышындағы саз кірпіштен тұрғызылған дөңгелек, жоғары қарай бірте-бірте жіңішкеріп көтерілген мұнарасы бар. Мұнараның түбіндегі диаметрі 11 метр, биіктігі 14 метр ішінде жоғары қарай көтерілетін айналма баспалдақ сақталған. Үлкен мұрнараны қоршай орналасқан пахсадан салынған қамалды құрылысы бар. Кесене шамамен ХVІІ ғасырларға дейін қолданыста болған.

Ортағасырларда мұндай жазық жерде биік мұнара мен бекініс тұрғызудың негізгі себебі жаудан қорғану үшін салынатындығы тарихтан белгілі. Ақкесене мұнарасының да саты арқылы көтеріліп, жоғарыдан алыстағы жолаушы немесе жауды көріп, хабарды дер кезінде жеткізуге мүмкіндігі болған.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жамбыл облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір