• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:18:39
Алматы
+35°

Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының әкесі Момыштың атындағы бұлақ та «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынған орын. Қазіргі Жуалы ауданының Көлбастау мен Талапты ауылдарының орта тұсында, Орақ балға аталатын ескі жұрттың батыс тұсында орналасқан бұлақты батыр туған топырақпен байланыстыратын жергілікті жұрт оның киелілігіне күмән келтірмейді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жалпы қазіргі Жуалы ауданының Көлбастау, Талапты ауылдарымен Алатау дейінгі аралықта сансыз бұлақ бар. Сол себептен де бұл мекенді күні бүгінге дейін жергілікті халық арасында Мыңбұлақ аталады. Мыңбұлақ жайындағы алғашқы тарихи деректер қытай саяхатшысы Сюань – Цзянның жазбаларында кезігеді. Ғалым Ол қазіргі Жамбыл облысының батысындағы Мыңбұлақ өңірінің жанға жайлы екендігін жазып, оны жаздың ыстық айларында хандар келіп мекені ететінін айтады. Осы маңда туылып алты алашқа аты танылған жазушы Шерхан Мұртаза да бұл деректі «Ай мен Айша» романында пайдаланады. Жазушы Мыңбұлақты мекен еткен хандардың осы маңда елік асырап, саятшылық құрғанын баяндайды. Бұл деректерді араб жиһангездері Убейдаллаһ ибн Абдуллах ибн Хордадбек (846 жылы) және Кудама ибн Жафар да (Х ғ. Басында) өз қолжазбаларында нақтылай түседі. Тіпті олар осы маңда бұрын Мыңбұлақ аталған Абарджадж қаласының болғанына назар аударады. Мәселен араб географы Убейдаллаһ ибн Хордадбектің өз күнделігінде: «Испиджабтан (Сайрам) Будухкетке келдік, одан Тамтаджға (Түлкібас) одан Абарджаджға (Мыңбұлақ) 4 фарсах жол жүрдік, одан Баркуабтағы (Теріс) бекетке дейін 6 фарсах жол жүріп Жувикет арқылы Таразға жеттік» – деген мәліметтерді жазады.

Тарихы сонау ерте ислам дәуіріне бастау алатын Мыңбұлақтың бір саласын бүгінде жергілікті жұртшылық Момыш бұлағы деп қасиет тұтады. Ол бұлақ өз бастауын таудың етегінен алады. Бұлақтың суы шағын ғана. Оның батыс жақ іргесінде 200 қадамдай жерде және бір бұлақ бар. Ол – Есдәулет бұлағы деп аталады. Екі бұлақтың ортасы 2 гектардай шүйгін шөпті алқаптан тұрады.

Көнекөз қариялар кезінде бұрын екі бұлақтың ортасында ат шомылдырып, қой тоғытатын тоған болғандығын айтады. Осы Момыш бұлақтың басында ерлік даңқы әлемге жайылған батыр Бауыржанның кіндік қаны тамған. Бұл жердің қадір-қасиеті Бауыржан Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында мазмұнды баяндалады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жамбыл облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір