• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:52:17
Алматы
+35°

2004 жылдың 28 тамызын қазақстандық бокс жанкүйерлері әлі күнге естен шығармайды. Өйткені дәл осы күні Афина Олимпиадасындағы ұлттық құрама қоржынындағы жалғыз алтын алқаны жамбылдық Бақтияр Артаев жеңіп алған еді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 


Күллі әлем көз тіккен бұл бәсекеде әуесқой боксдан 69 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Бақтияр Украинаның үкілеген үміті Виктор Поляковпен қолғап түйістірді. Бұл сайыста өзін барынша еркін ұстаған қазақ спортшысы кездесу тағдырын үшінші раундта шешті. Әрине әуесқой бокста жекпе-жектің раунд мәресіне жетпей аяқталуы неғайбыл. Алайда Бақтияр бір мезетте қарсыласына үздіксіз жұмсаған соққылары есебінен 6 ұпай олжалаған төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Ал жартылай финалда жамбылдық жампоз бала күнінен өзі еліктеген ресейлік Олег Саитовпен жекпе-жекке шықты. Екі мәрте Олим шыңын бағындырып, екі мәрте Еуропа бірншілігін оза шыққан Саитовтай сайыпқыранды төрт раунд бойы ес жиғызбай соққының астына алған Бақтиярдың бұл әрекеті көпті сүйсінтті. Солай Саитовтың Ресей бокс тарихындағы үш дүркін Олимпиада чемпионы болу деген асқақ арманы көкке ұшты.


Ал финалдық жекпе-жекті Артаев кубалық Арагонға қарсы өткізді. Ә- дегеннен жекпе-жекке қарқынмен кіріскен Бақтияр кубалық боксшының тынысын тарылтты. Бұған дейінгі сайыстарында өзін рингтің қожайынындай сезінетін Арагон бұл жолы шындап састы. Қазақ боксшысының көз ілеспес қимылы төрт раунд бойы төмпештеген ол күмісті қанағат тұтуға мәжбүр болды. Делбесі қозған жанкүйерлер де электронды таблодағы есепті көргенде барып қазақ боксшысының Олимпиада чемпионы болғанын түсінді.
Қарсыласынан 10 ұпай айырмасымен басым түскен Артаев осылайша Афина Олимпиадасындағы ұлттық құрама қоржынындағы жалғыз алтынға ие
болды. Алтын алқамен қоса Артаев сол жолы шаршы алаңдағы шеберлігі шарболаттай шыңдалған боксшыларға ғана берілетін Вэл Баркер кубогын иеленді. Осы жеңістен кейін Жазғы Олимпиада ойындарындағы әуесқой бокста 69 келі салмақ дәрежесі «қазақтың жеңіс салмағына» айналды. Одан кейінгі Олимпиада ойындарында дәл осы салмақта өнер көрсеткен Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов қазақ Әнұранын Олимптің биік тұғырында тұрып шырқады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жамбыл облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір