• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:11:37
Алматы
+35°

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстан Республикасының Халық артисі 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегіне айналған егемен елімізді жаңа жетістіктерге жетелейді. Жаңа тарихи кезеңге жол ашатын бұл тарихи құжаттың тәуелсіздігіміздің төл тарихындағы маңызы бөлек.

Еліміздің жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдауында Президент келесі жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтетінімізді айтты. Бұдан бұрын Президент алып Абайдың мерейлі мерекесі ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтілетіндігін айтып, қазақ халқын қуантқан болатын. Бұл сүйінішті жаңалыққа өнерлі орда – Алматы да атсалысады. Республика бойынша мерейтойға орай 100-ге жуық шара өткізілсе, соның бірақы Алматыда ұйымдастырылады. Мерейойды тойлау аясында Алматыда кітаптар шығарылып, спектакль қойылады және жастардың қатысуымен де түрлі шаралар өтеті деп жоспарланып отыр.

Жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер Абай – жүрегімізді насихатымен нұрландыратын, бойымызға рухани қуат құятын, рухани нәр беретін даналығы дариядай данышпанымыз. Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйі – Абайдың өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат беретін мәдени мекеме. Алайда, алып Абайдың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін киелі де қасиетті жер қазір күтім жасауды қажет етеді. Хакім Абайдың ізгі ізі қалған қастерлі мекеннің айналасы әсем гүлге толып, ақынның жауһар жыры, нұр тұнған насихаты адамның жүрегі мен жан-дүниесін жылытып тұруы тиіс.

«Құнанбай» фильмін түсіріп жүрген кезде Абайдың Жиделісінде болдық. Абай мен Шәкәрімнің өнегелі өмірінің бір бөлшегі болып табылатын бұл қасиетті де қастерлі мекен жаңғырып тұруы тиіс. 2018 жылы мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанда хакім Абайға қатысты осы мәселелер туралы ой-пікірлерімді айтқан едім. Абай мен Шәкәрімнің қазақтың тарихымен тамырлас тағылымды шығармалары орындалып, қасиетті мекеннің шырайын кіргізіп, шуағын шашып тұрғаны абзал. Шайырлардың шығармалары әлем тілдерінде шырқалып тұрса қандай әдемі! Сонда Жидебайға барған әрбір адам ақын жырлары арқылы Абай әлеміне терең бойлап, көңілі теңіздей тасып, ерекше әсер алып қайтатын еді. Әрбір сәулелі сөзінен алып Абайдың жүрегінің лүпілі мен тамырының бүлкілін сезетін еді. Негізі, жай ғана барып, көріп, қайтқаннан адамның көңілінде ешқандай сезім, әдемі әсер қалмайды. Ал киелі топыраққа табаны тиген адам қай жерге келгенін жан-дүниесімен сезініп, ой-санасымен терең түсіну керек. Елбасымен кездесуде міне осындай ұсыныстарды айтқан едім. Абайдың рухын жаңаша жаңғыртуда бұл ұсыныстарым ескерілер деген үміттемін.

Қазақ халқы әрқашан бой түзейтін, ой түзейтін Абай атты асқарымыздың мұражай-үйінің шуағы шашырап, шартарапты шырайландырып тұрғаны абзал. Абай сөзінің сәулесі ұрпақ санасын нұрландырып, жастарды тағылымды тәрбиелеуге игі ықпал ететіні ақиқат.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір