• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Қыркүйек, 14:56:18
Алматы облысындағы төтенше жағдай кезінде екі адам қаза тапты

03 Қыркүйек, 2019 NEWS

Мұхамеджан Тазабеков әлеуметтік желіде билікті неге сынамайтынын айтты

"Ел мүддесі жолында ештеңеден аянып қалған жерім жоқ".

"Неге халықты сабырға шақыра бересіздер, биліктің де қатесін айтпайсыздар ма?"

Бірнеше оқырманым осындай сауал жолдаған екен...

Елден үлкен емеспіз, көптің сұрағына көкейімдегі бірнеше оймен бөлісе кетейін.

♦ Біріншіден, қарайған xалық интернет қарап, уатсаб ашып, әлеуметтік желіде отырғандықтан елге ең керек деген ойымды осында жазамын. Ол мүмкін "сабыр" жайлы, бәлкім "отбасылық құндылықтар" туралы немесе "адами қарым-қатынастар" жайлы болуы мүмкін...

♦Ал, билік өкілдері көбінде әлеуметтік желіні пенде ретінде қарағанмен, шешуші шенеунік ретінде жанына жақын қабылдай бермейтіні анық. Сондықтан да, айтқым келген ақиқатым, жеткізгім келген талабым болса, оның басқа жолдарын қарастырғанды тәуір көремін...

♦Маған, қолпаштаушылардың: "Паx, шындықты айттың, батыр екенсің. Сені депутат қылу керек, біздің Мұxаң молодец" деген мақтауы керек емес. Елге пайдалы шаруаның шешілген нәтижесі керек. 

♦Әлеуметтік желіде аттандамай-ақ, әкім, министр, шынжыр балақ, шұбар төстердің кез-келгеніне кіріп те, жазып та жеткізе алатын болсам алыстан арқан лақтырып қайтемін. Талай мұқтаждың талабын жеткізіп, талай жыртыққа жамау тауып берген болсам, кімге не деп мақтануым керек?!
Немесе, "бүйттім, сөйттім" деп, есеп беріп отыру әдепке де жата қоймас, деп ойлаймын.
Әлеуметтік желі – кейде ашық тақта немесе жабық күнделігің сияқты. Аңқылдаған тұста ашылып-шашылып, кейде тырс етіп, түк жазбай, теріс қарап жүретін кезің де болады. 

♦Өкпелі талай достарыма айтқанмын: "Ата заң рұқсат беріп тұр, қолыңнан келе ме, ашына бермей, ашық оппозицияға шық, бедел жина, қаржы жұмса, мүдделес партия тап, депутат бол, өкімет құрамына кір, бағдарлама ұсын, елдің сеніміне ие бол...
"Жоға жолатпайды ғой" дейсің...

♦ Ондай ірілік қолыңнан келмей ме, олай болса, қоғамдық ұйымдарды қолдан, беделді, ықпалды тұлғаларға шағын, үніңді солар арқылы жеткіз. Хат жаз, ұсыныс айт, заңға сүйеніп зар иле...

♦ Ол да нәтиже бермесе, отбасыңа бұрыл. Ұл-қызыңды білімді, алғыр, жан-жақты қып тәрбиеле. Биікке ұшыр, "Болашақпен" оқыт...
Бұрын патшалардың баласы ғана алған білімді, қазір қарапайым шаруаның да баласы алып жатыр...
Сөйтіп, бірін билікке, бірін кәсіпке баулы...
Буын ауысады, толқын жылжиды. Ат тұяғын тай басады...
Мүмкін, солар арманыңды орындар...

♦ Оған да жағдайың келмесе яғни, партияға бармасаң, тұлғаларды танымасаң, перзенттерің толымды болмаса, алақан жай да Аллаға дұға қыл. Ол да үлкен мүмкіндік!
Алла естімейтін, қабыл етпейтін дұға жоқ. Егер соған лайық болсаң.

♦ Ал, мұның бірі де қолыңнан келмесе, құр бекер оқырманды ыза қып, ашуын қоздырып, отқа май құйып, ішірткідей постыңмен іш босатып, елдің постына екілене пікір жазу ерлік пе?!

♦ Қараптан қарап, жүйкеңді тоздырып, жүрегіңді қарайтып, алдамшы мақтауға нәпсің семіріп, үйде отырып үрленіп, өзің айтқан үлкен сөзге өзің алданып, "алаңға кеттік" дегенде, "шаруаң шығып қап", "балпаңдап басқың келгенмен, балтырың шыдамай", ақыр соңында "е, бәрі бітті, ел болмаймыз" деп қол сілтеп, пүшайман xалде жүресің...

♦ Аздан соң бәйбішеңе жуасту көзбен қарап, қарыныңның ашқанын білдіріп, қазан жаққа жаутаңдай қарауың – ең шынайы бейнең емес пе? Менменсіген қу нәпсінің қалауын xалықтың атынан айтып, жалқаулық мен қырсықтығыңды біреудің қателігінің астына жасырып қайтесің?! 

♦ Өзіңнің жеке реншің мен өкпеңді, өзің жете алмай қалған табыс пен мансапты елдің атынан түгендеп қайтесің?!
Біреудің байлығы мен отбасылық ұстанымын күстаналап, ғайбатқа кіріп неміз бар, биік билік түгілі төбенің төңірегінде тайғанап жүрміз...
Құдай басқа бермесін! 
Бас айналдырар бақ қонса, талайдың көзі төбесіне бітіп, табаны желкеңде тұратыны айтпаса да түсінікті ақиқат қой...
Алла өзі сақтасын!

♦ Осылай деп айтқанымда, өкпешіл достарымның дені ойланып қалды...

♦ Ал, өзім оппозиция боп, партия аңсап, билікке балама жол ұсынуға ниетті емеспін. Одан бөлек үш бағытта қолдан келген қарекетті жасап жүрміз, ел мүддесі жолында ештеңеден аянып қалған жерім жоқ.
Оқырмандарыма Алла жар болсын!!!

Мұхамеджан Тазабек

Фейсбук парақшасынан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір