• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:08:35
+35°

Әуезов шығармалары қалың жұртшылыққа тайға таңба басқандай мәлім болғанымен, оның кейбір үзік шығармалары тасадан тыс қалып қойғандай сезілді маған. Оның себебі, томдық шығармалар жинағынан көзім шалып қалып, көңілім кете оқыған «Шыңғыстау» әңгімесі жөніндегі деректерді көңіл көншірліктей таба алмағаныма қынжыла түстім. Анығырақ болуы үшін, Әуезовтың 20 томдық шығармалар жинағының 2-томындағы әңгімелер қатарынан оқығаным жөнінде ақпар беріп өтейін. Берілген түсініктемесіне жүгінер болсақ, 1943 жылы «Абай» романына материал жинау үшін ақын еліне барған сапарында жазылған деп жорамалдауға болатыны жөнінде айтылған. Негізінде, әңгімеге ат қойылмаған, тек қолжазбаның соңғы бетінің сыртында «Шыңғыстау» (жаңа әңгіме) деген жазу кездесіпті.

Шыңғыстау... Бұл тау аты талай жазушы шығармаларына арқау болып, көркем сөздерімен сұлулығын әспеттей бейнелеген, құпиясының сырына толық қанық болмаса да, тамсана жырына қосар киелі мекенге айналған. Шыңғыстау жөнінде жазушы шығармаларының арасынан көзім мен санамда сақталып қалған кішігірім бейнелеулер болмаса, ол жөнінде жазылған Әуезовтың әңгімесін жуық арада білгенімді жасырмаймын.

«Базар хикаяшыл, тіпті қиялшыл қарт болатын. Қазір мына қасында отырған баласы Медеттің кішкене күнінде Базар айтпаған ертегі, хикая қалған жоқ шығар. Ол әңгімелер ішінде кезеген ерге кездескен ат басындай алтын қандай көп еді...»,-деген әңгіменің бастамасынан жасы жетпіске таяған қарттың да қиялға ерік беріп,іштей соның орындалуына тілекші екендігін аңғарамыз. Адамның шынайы жүрегімен қалаған тілегінің орындалуы расымен ғанибет емес пе?! Базар қарттың қиялының орындалуына себепкер болған осы Шыңғыстау еді. Ал инженер-геолог болып кен іздеп жүрген баласы Медеттің осыншалықты алтын байлық іздегіш болуына бала күніндегі әкесінен естіген қиялдық аңыз-әңгімелерінің септігі де жоқ емес-ті.

Тоғыз жылдан соң көріскен әке мен баланың Шыңғыс бөктерінде келе жатып тау жөнінде бір-бірімен ой бөлісіп, тіпті кейде өзара пікірлері керағар келіп жатқан тұстары да кездесті. Дегенмен, кешегі Абайдай асылдың осы өлкеде туып, алпыс жасына дейін осы өңірде тірлік еткендігін, Тоғжан атты Сүйіндік қызымен ғашықтық дертін тартқандығын тілге тиек еткен қарттың мысы басымырақ түсті. «Өзің ғана болдым демей, жеріңді де, ағайыныңды да көркейт, үмітін ақта... Туған өлкеңе өнеріңді әкел түгі!»,- деген әкенің сөз арасындағы ақ тілегінің елеусіз қалмағаны әңгіме соңында оқырман жанына үміт отын сыйлайтыны рас. Қой қораның тау жақ бұрышына келе бергенде оған қаланған ақ тасты көзі шалған Медеттің балғасымен соққылай бастаған ерсі қылығы алғашқыда әкесіне оғаш көрінгенімен, ақ тастың қалың ортасынан тартылған бір сарғыш жалпақ қисық сызықтың алтын екендігіне көз жеткізген сәтінде көзіне тіпті моншықтай жастың оралғанын да аңғара алмады.

Шыңғыс... «Туған өлкеңе өнеріңді әкел!»-деген әке сөзі керісінше секілді көрінеді маған. Кешегі заманда көшпелі аудан болған, бүгінде көбінесе мал баққан, облыс орталығынан алыс қалып, қатынасы қиын Туған өлкенің бір ғана сәтте жұртының атағын әлемге жаюы – Шыңғыс бөктерінің халқының тұрмыс-тіршілігімен бірге тыныстайтынын дәлелдегендей.

Жансая Сман

Дереккөз: Адырна ұлттық порталы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір