• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:14:27
Алматы
+35°

1 қыркүйек – Білім күніне орай Жамбыл облысы Байзақ ауданының Ақшолақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мерекеге сай безендірілген жаңа мектепке шат-шадыман күйге бөленген ата-аналар балаларын жетектеп ағылып жатты. Алыстан мен мұндалап тұрған білім беру мекемесі салтанатты түрде оқушыларын қарсы алды.

Білім беру ісі қай уақытта да, қай ғасырда да қоғам дамуы мен тұрақтылығының негізгі өлшемі болып табылады. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі маман, еліміздің гүлденіп – өсуіне, өркендеуіне үлес қосатын басты тұлға. Елбасының ел игілігін көздеген салиқалы саясатының арқасында білім беру және әлеуметтік салаларға жасап отырған қамқорлығы ұшан - теңіз. Соның бір көрінісі жаңадан ашылып отырған білім ордасы. Осы күнге дейін Ақшолақ ауылында 70 орындық орта мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп келген еді. Бұл мектептің ашылуын ақшолақтықтар асыға күтті десек артық айтпағанымыз. Білім күні мерекесі Ақшолақ ауылының балалары үшін ерекше күн болғаны анық.

“Өнер” мектебі өнерпаздарының әсем биімен ашылған салтанатты жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалды. “Өнер” мектебінің оқушысы Мухраб Болатбек “Қазақ елі” әнін әуелете шырқаған соң, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз алып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтады. Сұлушаш Сәтбекқызы өз сөзінде соңғы бес жылда осы білім мекемесі үш ауысымда оқып келгенін, өңірде үш жылдан бері білім беру саласына бөлініп жатқан қаржының көлемі үш есеге артып, 130 млрд. теңгені құрағанын, бүгінгі күні облыс бойынша бес мектеп жаңадан пайдалануға беріліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімінің арнайы сыйлығын табыс етті.

Ал, ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Қалман Бақтыбаев барша тұрғындарды құттықтап: “Жаңа мектебіміз құтты болсын. Облыс, аудан басшылығына рахмет. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып, биіктерден көрініңдер шырақтарым!”, - деп аталық ақ батасын берді. Өз кезегінде ата - аналар да қыстың қыспағына, жаздың аптап ыстығына қарамастан мектеп құрылысын мезгілінде аяқтап, жас ұрпаққа ұсынып отырған Еркін Құлмамбетов жетекшілік ететін «Астана-УП» құрылыс компаниясына ризашылық сезімдерін білдіріп жатты.

Жаңа нысанның лентасын облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мен еңбек ардагері Қалман Бақтыбаев қиды. Алғашқы қоңырау соғылып, 182 оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттаса, олардың жиырма төрті 1-сыныпқа қабылданды.

Сапалы білім алуға барлық жағдайлар жасалып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектеп ішін келген қонақтар аралап шықты. Кіреберісте бастауыш сынып оқушыларының тақпақтарын тыңдап, “Бейнелеу” және “Робототехника” үйірмелерінің жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, “Бастауыш сынып”, “Информатика”, “Физика” кабинеттері, кітапхана, мәжіліс залы, спорт залы мен асхананы аралады. Ғимаратта жаңашыл білім алуға қолайлы заманауи кабинеттер мен зертханалар, мультимедиалық кабинеттер бар. Салтанатты шарадан соң барлық сыныптарда «Саналы ұрпақ - жарқын болашақ» тақырыбында ашық тәрбие сағаттары өткізіліп жатты.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиев қатысты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір