• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 01:04:15
Алматы
+35°

Павлодар қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот АП-162/3 мекемесіндегі 2016 жылғы "азаптау ісіне" байланысты үкім шығарды. Судья Жұлдыз Тілегенова 14 айыпталушыны бес және жеті жыл аралығында бас бостандығынан айырды. 14 айыпталушының көбі - жалпы режимдегі жергілікті колонияның бұрынғы қызметкерлері, айыпталушылар арасында сонымен бірге бірнеше сотталушы және түрмеде жазасын өтеген адамдар (аталған екі топ та түрме әкімшілігіне көмектескен деп айтылады) да бар. Бұған дейін үйқамақта болып келген сегіз адам: колонияның бұрынғы қызметкерлері және екі бұрынғы сотталушы сот залында қамауға алынды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. 

Прокурор Елена Белова 29 тамызда өткен жарыссөзде айыпталушыларды үш пен алты жыл аралығында соттауды сұраған еді.

Бұл іс бойынша бастапқыда 16 айыпталушы болған: оның 10-ы - түрменің бұрынғы қызметкері, үшеуі - сотталушы, үшеуі - бұрынғы тұтқын. Сот аяқталғанға дейін мекеме бастығының тәрбие жөніндегі бұрынғы орынбасары 44 жастағы майор Витали Гажало және мекеменің бұрынғы шаруашылық бөлімінің жетекшісі А.Подлипалин қайтыс болды. 4 қыркүйекте шыққан сот үкімі бойынша Гажало кінәлі болып танылды, бірақ қайтыс болғандықтан жазадан босатылды. Үкім кезінде Подлипалиннің аты-жөні аталмады, себебі сот жүріп жатқан кезде оның қайтыс болуына байланысты ісі тоқтатылған.

Үкімнен бөлек, судья Тілегенова екі жеке сот қаулысын шығарды: біреуі - бас прокуратура, екіншісі - Ерсайын Нұртазиновқа бағытталған. Нуртазинов 2016 жылы Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы болған. 2019 жылы қаңтар айында Шығыс Қазақстан облысына ауысқан.

Қылмыстық іс екі эпизодтан құралған. Алғашқы эпизод 2016 жылы ақпан айында түрмеде көз жұмған Бақытжан Әбдікәрімовтің өлімімен байланысты. Бұл эпизод бойынша жәбірленуші ретінде сотқа Әбдікәрімовтің туыстары: оның әпкесі Нұрлыгүл Демпстер және бауыры Жандос Әбдікәрімов қатысты.

Сот үкімі оқылған соң Жандос Әбдікәрімов Азаттыққа шағымды апелляцияға түсіретінін айтты, ол бауыры "түрмеде өз-өзіне қол салған жоқ, оны өлтірді" деп есептейді.

Екінші эпизод 27 жастағы Сайын Мұратбековтің өлімімен байланысты. Ол колонияға 2016 жылы 17 маусымда түскен және келесі күні көз жұмған. Алдын ала дерек бойынша, оны түрмеде ұрып-соққан. Бұл эпизод бойынша жәбірленуші ретінде сотталушының әкесі Қылышбай Мұратбеков сотқа қатысты. Бұған қоса, 2016 жылы 18 маусымға қараған түні Балқаш колониясынан этаппен осында жеткізілген 26 сотталушының 25-і жәбірленуші ретінде сотқа қатысты. Қазір бұл 25 сотталушының көбі босатылған. Олар сот процесіне түрлі аймақтардан видеобайланыс арқылы қосылып, қатысып жүрді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерінің үкіметтері Қазақстанды бірнеше рет түрмедегі азаптауды жоюға шақырған. Наурыз айында қабылданған Еуропарламент резолюциясында Қазақстанда "сотталушылар мен күдіктілерді азаптаған адамдардың жазасыз қалуы қалыпты жайтқа айналып барады" делінген. АҚШ мемлекеттік департаменті биыл жариялаған адам құқығы ахуалына арналған баяндамасында да түрмедегі азаптау мәселесін айтып өткен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір