• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:25:08
Алматы
+35°

Жамбыл облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының өңірлік баламасына негізінен ел тағдыры үшін аянбай еңбек етіп, ұрпақ жадында қалған тарихи тұлғалардың кесенелері кіргізілген. Соның бірі Мойынқұм ауданындағы Хантауы ауылы маңындағы Биназар батырдың бейіті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Қоқан хандығына қарсы күресте батырлығымен көзге түскен Биназар Ақеділұлы Түлкібас өңірінен Шу алқабына көшіп барып, егіншілікті дамыту арқылы отырықшылық шаруашылықпен айналысқан. Батырдың егістіс алқаптарына су жеткізген жүйелері Биназар каналы күні бүгінге дейін пайдаланылып келеді. Ал оның батырлығы Арқадан ығыса көшкен Кенесары ханның иығынан сүйеп, қолдау білдіруімен тығыз байланысты. Батыр өз руының қарулы жігіттері хан әскеріне қосқан. Сондай-ақ Кенесары әскерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Өз кезегінде Биназар батыр Ағыбай, Сыпатай батырлармен өте жақын қарым-қатынаста болған.

Ел арасында Биназар батырдың ерен ерлігін дәріптейтін аңыздың бірінде Бөлтірік шешен екеуінің жолға қатар шығуы сөз болады. Жол бойында бел суытып отырған екі батырға жеті бірдей аттылы жігіттер тарап баса салады. Аяқ қолдарын байлап, көздері таңулы Бөлтірік пен Биназарды әлгі жігіттер ермек етуге көшеді. «Біздің көңілімізді көтеріп, өлең айтыңдар» – деп қинайды әлгілер. Сонда Бөлтірік: «Сендер болсаңдар қару-жарақты жетеусіңдер, ал біз қарусыз екеуміз, екі шалды байлап қойып, өлең айт деуге – намыстанбадыңдар ма? Бізден несіне қорқасыңдар, қолды босатыңдар, өлеңді содан кейін айтайық», – дейді. «Расымен де, бұл екеуінен не үшін қорқамыз?» – деп екеуінің қолын босатады. Іле-шала өлеңдете жүріп Биназар батыр өзіне қарсы отырған төрт жігітті алып ұрады. Өз кезегінде Бөлтірік шешен де үш жігітті астына басады.

Ел арасында игі аты қалған Биназардың жерленген орнына батырдың 190 жылдығы қарсаңында кесене тұрғызылды. Демеушілердің ықпалымен кесене маңына тәу ете келушілерге арналған қонақ үй де салынған. Бұл кесенеде 2 жыл бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір