• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 23:33:00
Алматы
+35°

Атақты Абылай ханның немересі, қазақтың соңғы ханы Кенесары ханға арналған мемориал да Жамбыл облысының өңірлік қасиетті нысанның бірі саналады. Бұл ескерткіш Кенесары ханның мерт болған жерінде орнатылған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Кенесары хан 1802 жылы атақты Абылайдың баласы Қасым сұлтанның отбасында дүние есігін ашқан. Бала күнінен ат құлағында ойнап, құралайды көзге атқан мергендікті жанына серік еткен Кенесары өсе келе батылдығымен, әділдігімен көзге түседі. Оның қаһармандығы өз алдына бір төбе.

1841 жылдың қыркүйегінде Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының тізгінін қолына алады. Халық оны ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Халықтың зор сенімімен қуаттандаға Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын шабуыл жасап, оларды иеліктеріне өткізеді. Кенесарының ұлт азаттық көтерілісінен қаймыққан Ресей үкіметі оған қарсы әскери жорықтар жасай бастайды. Кескілескен ұрыстардың бірінде Кенесары әскері басымдыққа ие болса, енді бірінде әскери әлеуеті басым патша сарбаздары қазақ жауынгерлерін Жетісуға шегіндірді. Ал бұл аймақта Кенесары әрекетіне қырғыз манаптары қарсы шыға бастайды.

Осылайша 1847 жылы қырғыз манаптары мен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауындағы «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Таулы аймақта жауға тұруға дағдыланбаған әрі қоршауда қалған хан Кененің сарбаздары еш айла жасай алмады. Осы ұрыста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түсіп, қаза табады.

Қазіргі Қордай ауданы, Қаракемер ауылының оңтүстік – шығысында 14 шақырым жердегі, Қаракемер-Қарасай батыр тас жолының сол жақ бетінде Кенесары ханға арналған мемориал орналасқан. Бұл мемориал Ескерткіш 2006 жылы Кенесары ханның мерт болған жеріне және майдандас батырларына арнап орнатылған. Мемориал алаңы биік төбені қоршап, ортасына көлемі 2,4 метр, биікітігі 6 метр бетоннан құйылып қызыл мәрмәр тақталарымен қапталған ескерткіш тақта орнатылған. Ескерткіштің айналасында Кенесары ханның опат болған сарбаздарының есімдері мен қазақ руларынан естелік жазылған ескерткіш тастар қойылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір