04 Қыркүйек, 2019 Аймақтар
Халық арасында Өтеген батырға қатысты түрлі аңыздар бар. Оның бірінде батырдың қос мүйізі бар нышанды екені айтылса, енді бірінде оның өлер алдында сүйегін нарға тиеу жөніндегі аманаты айтылады. Қапшағай су қоймасы салынады деп батыр сүйегінің 200 жылдан соң қазылып алуы да өз алдына бөлек әңгіме. Қазір Өтеген батыр кесенесі Қордай ауданындағы Өтеген ауылы маңында орналасқан. Кесене 2010 жылы жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алынса, 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне кіргізілген, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу алқабындағы Хан тауының оңтүстік шығысындағы Изенді деген жерде туған. Оның әкесі Өтеғұл да қалмақтардың шабуылына қарсы күрескен. Ал батыр бойындағы шешендік пен әділдік Төле би әулиеден сіңірген ұқсайды. Оған қоса сәуегейлік пен көріпкелдік те батыр бейнесін асқақ ете түседі.
Өтеген батырдың кескін келбеті де, халық жадында ерекше жақсы сақталған. Ол кең жауырынды, иықты, тік қабақты, қыр мұрынды, өр тұлғалы өткір, өжет адам болған. Дастан – жырларда, аңыз әңгімелерде оның айқасқан қос мүйізі бар екендігі де айтылады. Бұл қос мүйіз Өтеген батырдың басына киілген тақияны көтеріп тұрады. Батырдың бұл таңбасы бөрік кисе ғана көрінбейді екен. Өз заманында дауды шешіп, қалың жаудың бетін қайтарған батыр қартайып, дүние саларында: «Мен өлген соң сүйегімді ақ нарға тиеп жіберіңдер, ол қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер» – деп аманат қалдырған көрінеді. Оның аманаты сай батыр сүйегін артылған ақ нар Шолақ тауының Іле бойындағы Шеңгелді деген жерге барып шөгіпті. Бұл маң қазіргі Қапшағай су қоймасының орны болғанға ұқсайды. 1973 жылы мұнда Қапшағай су электр станциясын саланатынын білген батыр ұрпақтары оның сүйегін қазіргі Қордай ауданындағы Өтеген ауылының маңына әкеп жерлейді. Ал батырдың туылғанына 300 жыл толу мерейтойында 1999 жыл дәл осы биік дөң басына жаңа кесене тұрғызылған.
Тік төртбұрышты кесене тұтас темір-бетоннан құйылған. Сырты ақ мәрмәрмен қапталған. Нысанның негізі қасбеті мен үшкір портал және кіреберісінде қуыс дәлізі бар. Құрылыстың авторлары және сәулетшілері С. Дембай және Н. Баекеев болып табылады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір