• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 07:50:37
Алматы
+35°

Талас ауданы, Үшарал ауылында орналасқан Саңырақ батыр ескерткіші«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген мемориалды ескерткіш. Бұл нысан батырдың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрғызылған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақ елінің тәуелсіздік жолын жанын пида, басын құрбан еткен жаужүрек батырларымыз аз болмаған. Олардың барлығы дерлік өз соңдарынан өшпес із қалдыра алды. Алты алашқа аты танылған сондай ердің бірі Саңырық Тоқтыбайұлы 1692 жылы Талас өңірінде дүние есігін ашқан. Оның әкесі Тоқтыбай да батырлығымен, турашылдығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен дараланған тарихи тұлға болған. Тоқтыбайдан туған үш бала да «жау қайда?» деп ұрандап, қолына қару алудан таймаған ержүрек болыпты. Саңырықтың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де қаһармандығымен көзге түскен текті ұлдардың тегінен.

Ал Саңырықтың аты құралайды көзге атқан мергендігімен шыққан. Қазақ халқының басына нәубет болған «Ақтабан шұбырынды» кезінде Саңырық мергендігін елді қорғау жолында сарп етті. Бұланты – Білеуті шайқасында Саңырық кіші жүздің Тайлақ батырымен бірге жоңғарларды ойсырата жеңді. Осыдан соң Саңырық пен Тайлақ жұбы Аңырақай шайқасында да атой салды.

Саңырық батыр Талас өңірін жаулап алып, Ақкесене мен Көккесенені әскери қосынға айналдырған ойрат басқыншыларымен ұрыста ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Ақкесене, Көккесене арасындағы шайқастағы Саңырықтың әрекетіне риза болған Төле би батырға тек қолбасшыларға ғана берілетін айырықша белгіні тарту етіп, батасын берген екен. Сондай-ақ «Қарлығаш әулие» батырды Сандалкөк деп аталатын атқан мінгізіп, беліне Исфаһан қылышын байлайды. Ал 1740 жылдың соңында Саңырық батыр ауыр жарақат алып көз жұмды. Саңырық батыр мен Тайлақ батырдың ерлігі Қожаберген жыраудың «Елім – ай» дастанында, жазушы Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», С.Сматаевтың «Елім – ай» романында көркем суреттеледі.

Саңырақ батыр жанкештілігімен күрескен Талас өңірінде жерленеді. Бүгінде оны басына тұрғызылған кесене кейінгі ұрпақ үшін ерен ерлік пен көзсіз батырлыққа қойылған ескерткіш бейнесін береді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір