• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
20 Қыркүйек, 05:28:06
Латын әліпбиіне көшу мәселелері семинар-кеңесте сөз болды

05 Қыркүйек, 2019 Спорт

"Қазақстанда ешкім елемеді, ал Қытай бар жағдайымды жасаймын деп уәде берді"

"Қуанышым қойныма сыймай Қазақстанға қайтып келдім. Біраз уақыт күттім, бәрі тым-тырыс. Елейтін ешкім жоқ. Ұсыныс жоқ. Тағы Қытайдан шақырту келді"

Болашағынан зор үміт күттіретін қазақстандық боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев Австралиядағы соңғы жекпе-жегі, Қытайдағы жеңістері мен оларды мойындатуы, Деревянченкомен жаттығу залындағы шайқасы жайлы айтып берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Prosports.kz сайтының дерегін негізге алып. 

– Нұрсұлтан, Сиднейде үш белбеуді жеңіп алуыңызбен құттықтаймын. Өкінішке орай, қазақстандықтар бұл кездесуді тікелей эфирде көре алмады. Жекпе-жек қалай өтті?

– Рахмет. Жекпе-жек маған қиын болды. Жаттығу кезінде сол қолымды жарақаттап алдым. Бұлшық етім созылып кетті. Толықтай емделе алмадым. Бір қызығы, сол джеб – менің басты қаруым. Басында соққы бағыттап көріп едім, қолым ауырсынды.  

Салмақ қууда да кедергілер болды. Әдетте түнде менде 700 калория жоғалады. Сидней қаласына ұшып келгенде де салмақ азаяды деп ойладым.  Бірақ ертесіңе өлшеген кезде 700 граммға салмағым ауыр болды. Жекпе-жекке қатысуға мүмкіндік беретін салмақ көрсету үшін төрт сағат уақыт берілді. Әйтпесе барлығынан айырыламын. Автоматты түрде жеңілемін. Белдіктердің бәрі қарсыласқа кетеді. Қалың киініп алып, 10 км жүгірдім. Моншаға түстім. Абырой болғанда, қайта салмақ өлшеу кезінде салмағым қалыпқа келді.

Австралияда жергілікті адамдардың кейбір қулықтарына тап болдым. Бастапқыда шаршы алаңға үшінші немесе төртінші жекпе-жекте шығуым тиіс болатын. Бірақ соңғы сәтте ғана бірінші болып шығасың деген хабар келді. Әдеттегідей дайындалатын бөлмеге бір сағат бұрын келдік. Қолдағы бинтті байлайтын катмэнды ұзақ күттік. Жекпе-жекке 15-20 минут қалғанда ғана келді. Одан кейін төреші де ұзақ күттірді. Себебі ол байланған бинтке қол қоюы тиіс. Ал, қарсыласым болса бұл уақытта қызу жаттығып жатқан еді. Қолғабымды кигенім сол еді, рингке шақырды. Сөйтіп төбелеске дайындықсыз шықтым.

Жекпе-жек кезінде де төреші түсініксіз шешім қабылдады. Іштен ұрам, ал рефери белден төмен дейді. Қайта-қайта ескерту жасайды. Иә, бір рет байқамай белден төмен ұрғаным бар. Бірақ қалған соққылар таза болды. Кәсіби бокста қарсыласыңды бастан ұрып нокаутқа түсіру өте қиын. Корпустан ұра беру керек. Сонда қарсыласын шаршайды, жылдамдығы баяулайды. Жекпе-жек соңында қанша басым болсам да жеңісті маған бермейді-ау деген ой келді. Бірақ, төрешілер әділдік танытты. Менің қолымды көтерді.

– Австралиялық БАҚ-та жекпе-жектен кейін сіздің қарсыласыңыз Стив Гагоның сұхбаты шықты. Жеңілмедім дейді. Реваншқа да қарсы емес екен.

– Иә, мен де бұл туралы оқыдым. «Мұнын қалай?»деп хабарлама жібердім. Бірақ, «мен олай айтпадым» деді. Менеджерлерінің жұмысы болса керек бұл. Себебі, жеңілгенін жекпе-жектен кейін Стивтің өзі маған келіп мойындаған еді. Дос болып, бірге жаттығайық деді. Менімен қайта төбелесуге шығады деп ойламаймын. Өзіңе қиын болатынын жақсы түсінеді. Мен оны Қазақстанға алып келемін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай

– Маған әлі көп еңбек ету керек. Гагомен болған жекпе-жек оны дәлелдеп берді. Екі-үш жекпе-жектен кейін чемпиондық шайқасқа шығуға болады деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, менің басты мақсатым-әлем чемпионы болу. Алайда, ол оңайлықпен келмейді. Менің салмағымда кілең мықтылар жиналғанын өзіңіз де жақсы білесіз.                           

– Келесі жекпе-жегінді қашан өткізетін ойың бар?

— Менің ойымша, жыл соңында. Қараша-желтоқсан айларында жоспарлап, жекпе-жекті Қазақстанда өткізуіміз мүмкін.

– Сізде үш аймақтық белдік бар: WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific. Осы ұйымдардың рейтингтеріндегі орыныңыз қандай?

– Әзірге жаңарту болған жоқ. Бірақ Стивен Гагомен айқасқа дейін мен WBA-да 9-шы, IBF – да 15-ші орында тұрғанмын. Ал WBO-дағын білмеймін. Қазір рейтингті жаңартады, сосын белгілі болады.

– Қазір сіз Suleimen Promotions промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс істейсіз. Атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліз тола ма?

– Иә, әрине. Олар бізге үлкен жекпе-жектер ұйымдастырып жүр. Біздің жұмысымыз рингте жеңіске жету. Оларға тек рахмет айта аламын. Оның үстіне бұл – қазақстандық промоутерлік компания. Біздің боксшылар мен жаттықтырушылардың деңгейі жоғарылайды деп ойлаймын.

– Білуімше, кәсіпқой боксқа ауысар алдында Қанат Исламмен бірге жаттығып жүрдіңіз.

– Олай емес. Иә, мен оған барып, командаға алуды өтіндім. Бірақ ол: «ренжімесең, жекпе-жектен кейін сөйлесейік» – деді. Қанат ол кезде Патрик Аллотейге қарсы төбелеске дайындалып жатыр еді. Сосын мен спарринг серіктес болуға ұсыныс жасадым. Ол келісті.

Содан кейін әпкеме, Шемалғанға кетіп қалдым. Сол жақта жаттықтым. Бір күні Қытайдан ұсыныс келді. Жекпе-жекке шығатын бокшы керек екен. 69 келіге. Бокс кешіне бір апта қалыпты. Тәуекел дедім де, келісе кеттім. Билетімді сатып алып, әуесқой бокстан қалған киімдерімді, қолғабымды алып көзді жұмып, «Қытай қайдасың?» деп аттанып кеттім.

Пекинге жеткен соң, мені бәрі мазақтауға кірісті. Танымайды да ғой. Осал біреуді алып келді деп ойлады. «Қай раундта құлайсың?» деп те сұрап қояды. Он раунд шайқастық, мен жеңіп шықтым. Жиналғандар түк түсінбейді. Бәрі аң-таң. Сөйтсем, мен жеңген боксшы Қытайдың чемпионы екен. Оны кейін білдім. Және бойы да меннен 10 см ұзын болды.

Қуанышым қойныма сыймай Қазақстанға қайтып келдім. Біраз уақыт күттім, бәрі тым-тырыс. Елейтін ешкім жоқ. Ұсыныс жоқ. Тағы Қытайдан шақырту келді. Қарсыласым филиппіндік боксшы. Мансабында 50 жекпе-жек өткізген. Қызық жағдай болды. Қытайлықтар менің жеңетініме сеніп тұр. Тек, «бесінші раундтан ерте құлатпа» деді. Бірақ, менің мақсатым қалай болсын жеңу. Екінші раундта бұрышқа тақап ұрып жатқанмын. Қарсылас та есеңгіреп қалды. Жан-жақтан «тоқта, тоқта» деген айғайды естідім. Сөйтсем, аяқтауға әлі ерте деп жатыр екен ғой. Жарайды деп, қарқынды тежедім. Бесінші раундтан асып кетті. Өзім де шаршадым. Ұрсам қарсыласым құламайды. Әйтеуір, жекпе-жектің аяғына қарай жойқын соққы бағыттадым. Құлады.

Жекпе-жек аяқталған қытайлықтар құттықтап, асты-үстіме түсіп бәйек болды. «Осында қал» деп өтінді. Барлық жағдайды жасаймыз деп уәде берді. Пәтер, көлік. Әлем чемпионы боласың деді. Тек Қытай азаматтығын қабылдасам болды. Мен бірден бас тарттым.   

Алматыға келіп, Қанат Исламға бардым. ЭКСПО-2017 аясында өтетін бокс кешіне дайындалып жатқан еді. Мен де бірге жаттықтым. Кәдімгі кәсіпқой боксшы ретінде. Сол кеште шаршы алаңға шығып, тағы жеңіске жеттім. Сосын тағы бәрі тыныш.

Америкаға кеткім келді. Бірақ, виза ала алмадым. Бір жыл бойы жұдырықтаспадым. Қанат Исламға тағы бардым. Ол кісі бапкер Сағатбек Мұсахановқа баруға кеңес берді. Мұсаханов секілді мықты маманның қол астында жүргеніме өте бақыттымын.

– Сіздің салмақта кіл мықтылар жиналғанын айтып қалдыңыз. Еркіңізге салса, кімге қарсы шаршы алаңға шығар едіңіз?

– Мэнни Пакьяо. Ол әр кездесуде көп соққы бағыттайды. Мен де сондаймын. Қарқынын байқап көргім келеді. Пакьяо 1000 рет ұрса, мен оған қарсы 1500 соққы бағыттаймын. Бұл жекпе-жек – менің арманым.

– Головкин мен Деревянченко арасындағы кездесу туралы не ойлайсыз?

– Мен Деревянченкомен ол Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) жүрген кезде бірнеше рет спаринг өткізгем. Алғашқы күндері таяқ жедім. Бірақ, уақыт өте келе мен оның стиліне үйрендім. Украиндық боксшылардың бір ерекшелігі бар: олар соққыдан жақсы қаша біледі. Бірақ, мен жылдамдығымды пайдалана білдім. Бірінші болып ұрып үлгерем. Кейін жеңіп те жүрдім. Деревянченко өте еңбекқор боксшы. Бір ғана мысал: біз жаттығудан қайтқан кезде, ол залда қалады.

Қазан айында Головкин жеңеді деп ойлаймын. Нокаут болады деп айта алмаймын. Ұпаймен. Себебі, Деревянченконы құлату қиын. 12 раунд төтеп бере алады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір