• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 23:30:57
Алматы
+12°

16 Мамыр, 2013 Ұлы көш

Қабдеш Жүмәділов. Жәкуланың қызыл тасы

Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында

Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында саяси қайраткер Жәкула Күшіковтің (1863-1933) туғанына 150 жыл толуына орай жарық көрген «Жәкула болыс» кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл кітапта Ж.Күшіковтің Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы қаласында еуропалық деңгейде медициналық білім алуы (1881-85 ж.ж.), Жетісу жеріндегі дәрігерлік (1885-1909 ж.ж.), Семей өңіріндегі болыстық қызметі (1909-1920 ж.ж.), саяси тұлға ретінде ұлт-азаттық күреске араласып, «ұлттық партия құруымыз керек» дегені үшін (1913 ж.) Ресей империясы тарапынан, «Алашқа ниеттес» болғаны үшін большевиктер тарапынан кәмпескеге ұшырап, қуғын-сүргін көргені тарихи деректермен айғақталған. Бұған қоса, Варшава университетін 1917 жылы бітірген інісі Әбілмәжін Күшіковтің «Қапланбек Алашордасы» ұйымын құрғаны үшін 1937-де атылғаны, ұлдары Мағауия және Әнуар Жәкулиннің Қытайдағы «Үш аймақ» ұлттық құрылымында екі аймақтың уәлиі болғаны үшін репрессияға ұшырағаны мұрағат материалдары негізінде жазылған.

Біз Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жүмәділовтің «Жәкуланың қызыл тасы» атты мақаласын назараларыңызға ұсынып отырмыз. Алдағы күндерде елімізге танымал тарихшылар мен зерттеушілердің Жәкула болыс туралы зерттеулерін де оқи аласыздар.

 

 

            Аягөзден аттанып, Ақсуатқа қарай сапар шеккенде, орта жолдан ауа бере алдыңыздан «Жәкуланың қызылтасы» мен мұндалап көрініс береді. Сол сурет мөрдей басылып, көңілде қалып қойған. Олай болатыны, мен бұл күре жолмен олай да, бұлай да көп жүргенмін. Сол тұстан өтіп, «Жәкуланың қызылтасына» көзім түскен сайын, мен қазақ жерінің бір киелі қасиетіне қайран қалушы едім. Қазақ өз тарихын қағазға түсірмесе де, туған жердің сай-сала, тау-тасына жазып кеткен секілді. Ал, жердің жады (памяты) деген керемет! Тарихтағы кейбір есімдерді есеңгіреген қазақтың елі ұмытса да, жері ұмытпайды.

            «Жәкуланың қызылтасы». Бұл сөзді осы жолмен ары-бері өткен жолаушы еш ойланбастан, емін-еркін айта салады. «Жәкуланың қызылтасынан өткенде», немесе «малшы ауыл Жәкуланың қызылтасында отыр» дейді өзара сөйлескенде. Ал, осы сөзді жиі айтатын жастар Жәкуланың кім екенін білмеуі де мүмкін. Бірақ жер аты халықтың сөздік қорына мықтап еніп кеткен.

            Жалпы, Ақсуат өңірі осындай тарихи ескерткіш-есімдерге өте бай. «Жәкуланың қызылтасынан» ары сәл жүрсеңіз, алдыңызда «Қубастың кезеңі» тұр. Қубас ат – қолбасы Қабанбайдың жансерік тұлпары ғой. Жекпе-жекте астындағы керігі жата кетіп, атқа жарымай жүрген батыр Қубасты дөнен кезінде осындағы Мұрын Жылқысынан тапқан деседі... Одан бір-екі кезең ассаңыз, «Майлы шат» шығады алдыңыздан. Қабанбай бастаған қазақ әскері шығыс өлкені жоңғардан азат етіп болған соң, 1754-жылы күзде осы алқапта ағыл-тегіл той жасаған деседі. Қымыз өзен боп ағып, ет төбе боп үйілген сол жұрт кейін «Майлы шат» атаныпты.

            Ал, одан да ары, Ақсуат жеріне ішкеріліп енсеңіз, Қарғыба өзенінің аңғарындағы «Бұқа шатқалында» менің тоғызыншы атам Бұқа батырдың моласы бар. Атамыз теңсіз ұрыста қоршауда қалып, жан-жақтан жабылған ойраттар найзамен тік көтеріп алғанда, өне бойынан қан саулап тұрып: «Атаңа нәлет, ит қалмақ, өлмсем де сендерден найза бойы биік тұрмын ғой!» деген екен, жарықтық. Кейде «Ақсуат өңірінің маған төтенше ыстық көрінетіні – оның қойнауында батыр бабамның сүйегі жатқанынан шығар» деп те ойлап қоямын.

Әлқиса, тақырыбымызға қайта оралайық. Әңгіме «Жәкуланың қызылтасынан» шығып еді-ау! Бір жолымен Ақсуатқа бара жатып, әдейі білмегенсіп, қасындағы жол-серіктеріме мынадай сұрақ қойдым:

-          Мына оң жақ қапталдағы биікті не деп айтады?

-          «Жәкуланың қызылтас» дейді бұл биікті...

-          Солай де... Ал Жәкула деген кім, сонда?

-          Білмейміз... Әйтеуір осы тауды халық солай айтады, - деді біреуі екі иығын қомдап.

-          Баяғыда Жәкула деген болыс өтіпті. Осы өңірдің бәрі сол байдың қонысы болса керек, - дейді әлгіден гөрі сауаттырақ екіншісі...

Бұған да тәуба. Жастардың осыны білгеніне де шүкір дейміз. Оған жастар кінәлі емес. Аруақтарды еске алмай, ұрпақ жалғастығын үзіп тастаған қоғам кінәсі. Мен бір бүйірде қалып бара жатқан «Жәкуланың қызылтасына» қараймын тағы да. Қызыл тас күн райына қарай, сенің қай қырынан қарағаныңа қарай әртүрлі рең беріп, құбылып тұрады. Күн көзінде қызыл арайланып, өрттей лаулап шалынса, бұлтты күндері қызыл қошқылданып, қара қоңыр тартады. Қалай болғанда да қызыл тас сол орнынан қозғалмайды. Бейне Жакула боолысқа қойылған мәңгілік ескерткіш тәрізді.

Иә, біздің қазақ жерге ат қоюдан қате жібермеген. Сонау қызылтастың бір қойнауында, сөз жоқ, Жәкула Күшікұлының қыстауы бар. Қатар тұрған Өкпеті мен Қызылтаста төрт түлік мал өріске симай, кең жайылып жатты-ау бір кезде.

Жәкула болыс – Мұрын руының Қыдыр тармағынан. Ал, Қыдыр – әйгілі Жолымбет бидің үлкен ұлы. Жолымбетте жеті ұл болған ғой. Кейін «Жеті Жолымбет» атанған бұл әулет Мұрынның негізгі сұлбасын құрайды. Жолымбет би тарихта болған адам. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел-жұртымен Арқаға ауған Жолымбет 136 жасқа келіп, сол жақта қайтыс болыпты. Зираты Ақмола өңіріндегі «Жолымбет бекетіне» таяу жерде. Жолымбет би 130 жасында ақыл-есінен жаңылмай сайрап отырғанда, жүз жасқа келген ұлы Қадыр алжи бастаса керек. Сонда Жолымбет бабамыз: «Бұл құлыным не көрмеді. Үнемі желдің өті, жаудың бетінде жүрді ғой. Мұның шаршайтын уағы болды» деп баласының маңдайынан сипайды екен, жарықтық.

Сол жолымбет бидің тікелей ұрпағы саналатын Жәкула Күшікұлы – халықтың саналы тобынан шыққан белгілі тұлға. Әр руда ұйытқы болатын тіректі адамдар болады. Бұл да – солардың сойынан. Сонау 19-ғасырдың 90-жылдарында Жәкуланың  Омбыдағы мединсттитутқа барып оқуы – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Өз ұлтына барынша қажет, ең зару нәрсенің бірі – дәрігерлік екенін жан-тәнімен сезініп, алдына үлкен мақсат қойып барған адам ғой. Алайды  империялық өкімет оқу бітірген Жәкуланы өз еліне жібермей, әскери дәрігер ретінде Бішкектегі армия бөлімшесіне жолдайды. Жакуланың біраз жылы осында өтеді.

Ол кісінің елге оралуы – жиырмасыншы ғасырдың басы. Онда да, Өкпетідегі ел-жұрты жоғарыға арызданып жүріп, зорға қайтарып алған. Бұл – кезекті болыс сайлауының қарсаңы болатын. Көптен қолдары жетпей зар болып журген азаматы келісімен ағайын жұрты оны бірден болыс  сайлап алады. Ол кезде қазақтың маңдайына жазылған ең үлкен лауазымын – осы болыстық. Империя заманында губернатор тұрыпты ғой, қазақтан шыққан бірде-бір уезд бастығы болмаған... Жәкула өз елінде он жылдан астам болыс болды. Өзінің қара қылды қақ жарған әділдігімен, халыққа жасаған қамқорлығымен ел құрметіне бөленді. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Адалдық пен әділдік, халыққа қалтқысыз қызмет ету – сол кездегі қазақ оқығандарының көбіне тән қасиет еді.

Жәкула ел басқарып жүргенде Семейдегі қайраткерлерімен тығыз байланыста болды. Халықтың көзін ащып, ел ішінде «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының кең таралуына күш салды. Жалпы, өнер-білімге ұмтылу – бұл әулетке тән қасиет. Жәкуланың немере інісі Әбілмәжін Күшіков ғасыр басында сонау Еуропадан Варшава университетін бітіріп келді. Кейін бұл екеуі де «Алаш» қозғалысының белсенді мүшелері болды. Амал не, балшабектік қызыл өкімет қазақ зиялыларының жолын кесіп, аңсаған армандарына жеткізбеді ғой. Әбілмәжін 1937-жылы «Халық жауы» атанып, әріптестерімен бірге атылып кетті. Ал, Жәкула кампеске кезінде жер-жерде бұрқ ете қалған шаруалар көтерілісіне іштартты деп айыпталып, ұсталатын болған соң, амалсыз шекара асып, Шәуешек жаққа бой тасалады.

Егер заман тыныш болса, Жәкула дәрігерлік кәсібін жалғастырып, бұл жақта да өз ұлтына қызмет істер еді. Бірақ сол заманы түскір тыныш болмайды ғой. «Қырсық бір айналдырса, шырайналдырады» деген осы. Бұлар Шәуешекке барып орныққан соң, арада бірер жыл өтпей, алдарынан «Дүңген көтерілісі» деген бір бүлік шыға келді.

«Дүңген көтерілісі» деген не дейсіз ғой? Шыңжаңмен іргелес, Қытайдың Гансу, Шыңхай өлкелерінде мөлшермен он миллионға жуық дүңгендер жасайды. Дүңген деп жүргеніміз – сонау сегізінші ғасырда, арабтың әйгілі «Құтайба жорығы» кезінде мұсылман болып, ислам дініне енген қытайлар мен таңғұттар. Миллиард қытай әр кезеңде өздерін жаулап алған түріктерді де (Шыңғыс хан әулетін), Мәнжу-шүршіттерді де жұтып, сіңіріп әкетті ғой. Бірақ, қанша ғасыр өтсе де осы дүңгендерді сіңіре алмай-ақ қойды. Сонда, дүңгенді сақтап тұрған не дейсіз ғой? Ол – ислам діні. Дүниеде дүңгеннен дінге берік халық жоқ. Дүнгендер билеуші ұлтқа берілгенді былай қойып, уақ-уақ миллиард қытайға қарсы ғазауат жариялайтынын қайтерсің. Олар баяғыда 1860-жылдар бір көтерілген. Сонан кейін отаршылдарға қарсы сұрапыл соғыс ашқаны – осы 1933-1934 жылдар. Дүнгендер және өздері ғана көтеріліп қоймайды, дін қарындас деп, Шыңжаңдағы ұйғыр мен қазақты ала кетеді.

            Жәкула болыс өрен-жаранымен Шәуешек барып орныққан соң көп өтпей-ақ ішкеріден дүңгендерде келіп жетті. Аз емес, генерал Махиың бастаған тұтас бір полк. Басқалары Үрімжі мен Алтай бағытында айқасып жатса керек. Мына келгендер жергілікті қытай әкімдерін қуып шығып, Шәуешекті бірнеше ай билеп тұрды. Мұсылманның ақ туын көрген соң, шыдай алмай, оларға қазақтар да қосылып кеткен. Егер ойда-жоқта батыстан Совет армиясы келіп килікпегенде, дүңген билігі созыла берер ме еді, қайтер еді. Сталинның ұстанымы белгілі: дәл іргесінде тағы бір мұсылман мемлекетін қалай құрғызып қойсын. Мол қарумен келіп, тұтқиылдан тиіскен орыс әскері дүңгендерді бір аптаға жеткізбей Шәуешектен қуып шықты. Әрине дүңгендер оңай шегіне қойған жоқ, қалада кескіліскен ұрыс болды. Айнала төңірек дүңгені, қазағы аралас жаралыларға толып кеткен. Ал, дәрігер Жәкула күндіз-түні дамыл көрмей сол жаралыларға жәрдем көрсетумен болған еді. Міне, сол кезде, бұл жазмыш дегенді қойсайшы, көтерілісшілерге көмектестің деген сылтаумен жазалаушы жендеттер Жәкуланы атып кетіпті.

            Көп адамдар «жазалаушы әскерлер Жәкуланың дәрігер екенін білмей, көтерілісшілердің бірі деп, аңдамай атқан шығар» дегенді айтады. Ал, менің ойым басқаша. Жәкула болысты кім атса да, арнайы тапсырмамен іздеп келіп, оның кім екенін дәл танып тұрып атқан. Совет әскері барған жерде НКВД жансыздары бірге жүретіні белгілі. Олар көп жылдар бойы шекара асып кеткен «Алаш» қайраткерлерін аулаумен болды. Райымжан Марсеков, Зият Шәкерімұлы қатарлы талай боздақты ізіне түсіп тұрып, ұстап әкетті. Ендеше, Жәкула болысқа қадалған оқ та – оқыстан атылған нәрсе емес, арнайы нысанаға алынған, кезелген оқ.

            Әрине, өз басым Жәкула болысты көре алғам жоқ. Ол кісі мен дүниеге келерден екі-үш жыл бұрын, жоғарыда айтқанымыздай, дәрігерлік парызын өтеу үстінде мерт болыпты. Оның есесіне, мен жас кезімнен болыстың балаларын біліп өстім. Әкелері шәйт болғанда, ұлдары Әнуар он екі жаста, Мағауия 16 жаста екен. Бұл жақта орысша оқып, сауатын ашып барған балалар бағына Шыңжаңда ұлтазаттық күресі бұрқ ете қалады. Біз енді Мағауия мен Әнуарды азаттық қозғалысының жуан ортасынан көреміз. Азаттыққа, ұлтқа деген құштарлық олардың қанында жатқан ғой. Кезегі келгенде, бойларындағы сол пассиянарлық қуат жарық дүниеге жарып шықты. Біз мектепте оқып жүргенде, Әнуар Жакулин мен Мағауия Жакулин деген есімдер Шығыс Түркістан аспанында қалықтап тұрушы еді.

            Шыңжаңдағы ұлтазаттық күресіне еселі үлес қосқан ағайынды Жәкулиндер кейін қытайдың қызыл өкіметі тұсында да лауазымды қызметтер атқарды. Әнуар Құлжада Іле аймағына уәли (губернатор) болып тұрғанда, Мағауия Шәуешекте Тарбағатай аймағын басқарды. Кейін Әнуар Шыңжаң өлкелік партия комитетінің әкімшілік-заң бөлімінің бастығы боп тұрғанда, Мағауия өлкелік сыртқы сауданың тұтқасын ұстады.

            1961-жылдың басында маған Әнуар Жәкулиннің үйінде болып, ағайынды екеуімен де дәмдес болудың сәті түсті. Бұрын бұл әулетпен менің араласым жоқ-тұғын. Мені онда ертіп барған – белгілі ақын Мақатан Шәріпханұлы. Бұл – кезінде Алтай аймағының губернаторы болған, кейін Шыңсысәй түрмесінде азаптап өлтірілген атақты Шәріпхан төренің баласы ғой. Мақатанды жоғарғы элитаның бәрі жақсы танитын-ды. Мен болсам, Алматыдағы оқуымнан қалып, басыма «оңшыл-ұлтшыл» деген қалпақ киіп, «Шыңжаң газеті» редакциясында бақылау астында жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Қыдыруға зауқым жоқ еді, Мақатан еркі алдыма қоймады:

              Барайық, үлкен адамдармен танысасың. Қазір ұлықтардың дастарқаны тоқ. Тымқұрса, сәлем берген болып, бір тойып қайтпаймыз ба! – деп ақыры көндірді. Бұл кезде Үрімжіде ашаршылық басталған-ды. Қарын құрғырдың «шұрылдап» тұрғаны да рас еді.

Әнуардың үйіне барсақ, ағасы Мағауия да сонда екен. Ағайындардың демалыс күнгі оңаша сәтін бұзғанымыз анық. Әйтсе де, сыр бермей қарсыалды. Үй иелерінің қас-қабағына қарайтын мақатан жоқ, әрөайсысын алма-жылдары Әнуар қырықтан асып, мағауия елуге тақап қалған кезі. Екеуі де – зор денелі, мелжемді, келіскен кісілер екен. Қанша қонақжайлық танытқанмен, арамызда жарасты әңгіме бола қоймады. Оның үстіне, менің жағдайым да оңып тұрған жоқ. Ауыз баққан заман. Мағауия дойбышы екен. Біраз уақытты екеуміз дойбы ойнап өткіздік. Мақатанның айтқаны рас, бұл үйлерге ашаршылық ене қоймапты. Ең бастысы, Бәту апай әзірлеген дәмді тағамдармен жүрек жалғап, аржағымызға ел қондырып қайттық.

Бірақ, ең өкінішті жері, сол азаматтардың басындағы бақ та, биік мансап та баянсыз болып шықты. Демек, ұлттың азат болмай тұрып, өз билігің өзіңе тимей тұрып, сен де бақытты бола алмайды екенсің. Төбеңнен қараған отыршыл өкімет сені белгілі бір кезеңде пайдаланалы екен де, жоспары орындалған соң керексіз заттай лақтыра салады екен. Жәйіңа жіберсе жақсы орындалған соң керексіз заттай лақтыра салады екен. Жәйіңа жіберсе жақсы ғой, сені енді «жау» деп санап, қапасқа қамап, қорлайтынын қайтерсің.

Жәкулиндер, міне, осы шындықты да бастан кешірді. Заман тарылып, басына бұлт үйірілгенде, Мағауия зейнетке шығып, құтылды да, Әнуар атақты «мәдениет төңкерісінің» тұзағына ілінді. «Капитализм жолына түскен лауазым иесі» деген айдармен түрмеге қамалды да, сол есіктен қайта шықпады. Өлтіріп қана қоймай, сүйегін бермей қор қылды- ау! Әнуардың  мәйітін Мао өлген соң ғана абақты ауласынан қазып алып, басқа жақта жерлеуге мүмкіндік туды.

Міне, қысқа қайырғанда, бір әулеттің өмір жолы, тағдыр-талайы осындай. Азаттық үшін, бақыт үшін туғанг, отаршылдар жолдарын қанша кессе де өршеленіп, өрге ұмтылған. Қазір Жәкулиндер әулеті жарым-жартылап, атажұртқа келіп алды. Тамырдағы тек (ген) құр жатпайды екен. Ұрпақтары бұл жақта да жерде қалмай, өз ортасынан озып, өніп-өсіп жатыр. Аталары Жәкуланың – жылдығына арнап, туған жерінде Ас беруі, аталары туралы естелік-кітап шығаруға талпынуы – осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Ал, туған елі мен жері өз перзентіне ескерткішті баяғыда-ақ орнатып қойған. Ол – «Жәкуланың қызылтасы».

 

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір