• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:17:22
Алматы
+35°

Ел арасында небәрі 15 жасында ұлылар аспабы қобызды шебер меңгеріп, соңына өшпес мұра қалдырған қазақ өнерінің саңлағы Ықылас Дүкенұлының кесенесі бүгінде Жамбыл облысы аумағында халық тәу етіп, тізе бүгетін қасиетті орынның бірі саналады. Сондықтан да болар ескерткіш 2010 жылы Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, ал 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл ескерткіш қазіргі Сарысу ауданы, Шығанақ ауылының маңындағы Қуарал жазығында орналасқан. ХІХ ғасырдың ортасында қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүние есігін ашқан Ықылас Дүкенұлы арғы бабалары да, өз атасы да шебер қобызшы болған. Ол ұлылар аспабының көмегімен халық күйлері мен Қорқыттың күйлерін өз нақышына келтіре орындай алған. 15 жасында қобызға қол созған Ықыластың түсіне абыз ақсақал кіріп, қобызшылықты жеті ұрпағына дарыған қасиет екенін сездіреді. Расында кейіннен Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай есімді ұлдарының да аты қобызшылықпен шыққан. Негізінде тұтас бір әулеттің атағына дүркіреткен Ықыластың қобызы қазір мемлекеттік мұражай қорында сақтаулы. Бұл қобызды бұған дейін Ықыластың ұлы Ақынбайдың Дәулет есімді баласының қолында сақталып келген екен.

Ықылас халық күйлері мен атақты күйшілердің күйлерін шебер орындауымен бірге өз жадынанда тамаша күйлер шығарған. Оның ішінде күйші өмір сүрген заманның кескін келбетін суреттеген «Кертолғау», «Жезкиік», «Қасқыр», «Жалғызаяқ» «Ерден» секілді шығармаларының шоқтығы биік. Сол секілді қазақтың ауыз әдебиеті мен аңыз-әңгімелерінің кейіпкерлерінің қилы тағдыры арқау болға «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлері де талғамды тыңдаушылардың жүрегіне жол таба білген.

Бүгінде Жамбыл жұртшылығынан бөлек тұтас қазақ кие тұтатын Ықылас Дүкенұлының кесенесі оның қабірінің басына тұрғызылған. Қобызшы кесенесі оның 150 жылдық мерейтойына арнап бой көтерген. Оның құрылысында монолитті темір бетон, кірпіш, мәрмәр, гранит секілді құрылыс материалдары пайдаланылған. Кесененің тағы бір ерекшелігі оның тұтас композициясының қобыз пішінін беруінде болып отыр. Ғимаратта ұзын дәліз бен ғибадат етуге арналған бірнеше шағын бөлмелер бар. Олардың кейбірі қобызшының музейі ретінде жабдықталған. Мұнда мәрмәр тасқа қашалған күйшінің шығармаларының атауында кезіктіруге болады.

Қазіргі таңда Тараз қаласындағы Мәдениет үйі Ықылас Дүкенұлының атымен аталады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір