• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 18:20:04
Алматы
+35°

10 Қыркүйек, 2019 NEWS

Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасына қалай қатысуға болатындығы айтылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа  сілтеме жасап.

"Елбасының тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында кемінде 1 мың жалдамалы пәтер салу шаралары қабылданған. Кейін бұл тапсырма кеңейтіліп, жастарға үш қалада үш мың пәтерге дейін салу жөнінде тапсырма берілген болатын. Ережеге сәйкес, бірінші кезекте 29 жасқа дейінгі жас жігіт немесе бойжеткен ресми түрде Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент қаласының тұрғыны болуы тиіс. Сондай-ақ, ережеге сәйкес, жас адамның тұрақты жұмыс орыны болуы және жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Себебі, біз жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беруіміз керек", – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Комитет төрағасының айтуынша, бұдан бөлек үміткердің банкте шоты болуы тиіс.

"Өйткені, оның бастапқы жарнаны жинауға қызығушылығы болуы қажет. Сонымен қатар, бұл жобаның мақсаты – жастарға өз тұрғын үйін алуға мүмкіндік беру. Үміткердің қызметтегі жетістіктері бойынша тиісті куәліктерін растайтын құжаттарын көрсетсе қосымша тағы жеңілдіктер беріледі. Сонымен қатар, өтініш берушінің отбасы және балалары болған жағдайда қосымша жеңілдіктер қарастырылған", – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мадияр Қожахметтің айтуынша, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы 2021 жылға дейін жұмыс істейді.

"Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 29 жасқа дейінгі 4 млн-ға жуық жастар бар. Оның ішінде 245 мыңы Нұр-Сұлтан қаласында, 700 мыңы Алматыда, 260 мыңы Шымкент қаласында тұрады. Тапсырмаға сәйкес, осы үш қалада кемінде 3 мың пәтер тапсырылады. Жыл сайын үш мың пәтер тапсырылатын болса, онда осы жуық арада әрбір қалада 9 мың пәтер тапсырылуы тиіс деген ойдамыз. Бұл пәтерді жалға беру мерзімі бес жыл деп белгіленіп отыр. Бұл мақсатта бюджеттен 21 млрд теңге бөлініп, үш қалаға аударылған. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі таңда үй сатып алу мәселесін қолға алып жатыр", – деді Мадияр Қожахмет.

Жалға берілетін үйлер жастарға сатып алу құқығысыз беріледі. Жалға беру бағасы айына 10-12 мың теңге көлемінде болады.

Жастарға арналған пәтерлерле құжат қабылдану басталғаны туралы әкімдіктердің сайтында хабарлама жарияланады.

Sputniknews.kz  сайтының жазуынша бағдарламаға қатысу үшін төмендегідей құжаттар қажет:

  1. Арнайы үлгі бойынша жазылған өтініш;
  2. Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
  3. Білімі туралы құжаттың көшірмесі;
  4. Неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
  5. Балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);
  6. Өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
  7. Жұмыс орнынан анықтама;
  8. Өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
  9. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
  10. Банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;
  11. Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).

Құжатты қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде барлық құжатты тексереді. Өтініш беруші тізбеге сәйкес құжаттар пакетін толық ұсынбаса, оған тағы 1 жұмыс күні беріледі. Осы уақыттың ішінде жетіспей тұрған құжаттарды ұсыну қажет.

Ал өтініш беруші талапқа сай болмаса, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерді беруден жазбаша түрде бас тартады. Осыдан кейін 10 жұмыс күні ішінде балл есептейді де, ұпай саны бойынша үміткерлердің тізімін жасайды.

Есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:

  • "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына кіретін 100 сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл;
  • Отбасы болған жағдайда – 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін – 2 балл;
  • 1 бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
  • Жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
  • Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда - 2 балл;
  • Бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) – 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
  • Екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл.

Балл тең болған жағдайда өтінішті бұрын берген үміткерлер басымдыққа ие болады. Жалдамалы пәтер беру туралы шешім шығарылғаннан кейін 15 күннің ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады. Баспана 5 жылға беріледі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір