• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 04:24:19
Алматы
+35°

Жамбыл облысындағы Жаңатас шаһары кеңес дәуірінде фосфор өндірісімен танылған, кеншілер қаласы болған. Тоқырау жылдары реңі қашқанымен соңғы жылдары қайта шырайы кіріп, әрленіп келе жатқан шағын қала биыл іргетасы қаланғанына 50 жыл толуын тойлауда. Осыған орай Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек қаланың 50 жылдық мерекесі қарсаңында қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жастары 80-нен асқан бүгінде қария болып, ақылшымызға айналған азаматтардың үйлеріне барып арнайы марапаттады.

Марапаттау барысында 84 жастағы, 30 жылдан астам ғұмырын тау-кен саласының тау қопару, жару жұмысына арнаған Елтай Сәдібеков ақсақалдың отбасында болдық. Арнайы құттықтап, омырауына Жаңатас қаласының 50 жылдығына арналып жасалған мерекелік төсбелгісін қадап, әңгіме дүкен құрды.

13 перзент өмірге әкеліп, немере, шөбере сүйіп бақытты қарияға айналған ағамыздың жанұясы тау-кен саласында қызмет етеді екен. Сексеннің сеңгірінен асса да ағамыздың әлі де айтары, болашақ ұрпаққа берері көп екен. Мерекелік салтанатқа шақырып, сый-сияпатымызды көрсеткен басшыларға батасын беріп, алғысын жеткізді. Содан соң 1961 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін "БелАЗ" жүргізген Марат Исаевтың шаңырағында болдық. 30 немере,9 перзент сүйіп отырған 80 дегі Марат Исаевтың жары Рымжан апамыз екеуі әлі де болса тың, бізді есік алдына шығып аудан әкімін қуана қарсы алды. 1961 жылдан бері қарай тау-кен саласында белазды ұршықша иірген Марат ағамыз зейнет жасына шықса да, елдің ертеңіне алаңдап, болашақты бағымдап, жастарға, балаларына дұрыс тәрбие беріп келе жатқандығын сөзінен аңғардық.

Марапат пен сый-сияпатқа толы күннің жалғасы қадірлі құрлысшы Ожырай Тұрсынбек және құрлысшы Мария Степанова сынды қарияларымыздың отбасына баруға ұласты. Ұзақ жылдар сылақшы, сырлаушы болған Мария Степановна аудан басшысының ыстық ілтипатына қатты қуанды. Қарияларымыз жас баладай қуанып, қалада орын алып жатқан жақсы жаңалықтар үшін алғыстарын білдіріп жатты.

Айта кетейік, 1964 жылдың 20 сәуір күні «Қаратаухимқұрылыс» тресінің құрылыс басшысы Роман Илле болашақ салынатын қаланың алғашқы қазығын салтанатты жағдайда қақты. Осы сәттен бастап құрылыс орасан қарқынмен жүре бастайды. Ал, 1969 жылы 25 маусымда республикамыздың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың Жаңатас поселкасына қала статусы берілгендігі жөнінде Жарлығы шықты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір