• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:00:00
Алматы
+35°

Спорт – ел саясатының бір бағыты. Сондықтан елімізде бұқаралық спортты дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Жамбыл облысында даңқты бапкерлер мен спортшыларды да дәріптеу жолға қойылған. Осындай үлкен шараның бірі «Тараз-Арена» спорт кешенінде КСРО-ның спорт шебері Бақытжан Ташменовты еске алуға арналды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Додаға 2002-2003 жылдары туылған Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінен 500-ге жуық спортшы қатысып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады.

Турнирдің ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, спортшыларға сәттілік теліде.

- Бүгін көне Тараз шаһарында әр мемлекеттен келген спортшыларды қарсы алуға қуаныштымыз. Қазірдің өзінде бір ғана Жамбыл облысында 2000-ға жуық адам дзюдо спортымен айналысуда. Олар мемлекеттік қолдаудың арқасында халықаралық додаларда бақ сынып, жеңімпаз атануға мүмкіндік алуда. Толағайларды тәрбиелеп, күллі әлемге танытуда жерлесіміз Бақытжан Ташменовтың сіңірген еңбегі ерен.

Сондықтан бүгін айтулы азаматты еске алуға өтіп жатқан турнирде барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, -деді Бекболат Серікбекұлы.

Ашылу салтанатында дзюдо спортынан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те сөз алып, жарысқа қатысушыларға деген ізгі тілегін жеткізді.

Бұдан кейін турнирдің түндігі түріліп, бірінші күні іріктеу кезеңдері өтті. Онда 36 жамбылдық балуан бақ сынады. Ал жарыстың екінші күні медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Осы сында 60 келіде қарсыластарын қоғаша жапырған жамбылдық Д.Қайратұлы турнир жеңімпазы атанса, 55 келіде бозкілемге көтерілген Б.Пернебек те алтыннан алқа тақты.

Қыздар арасындағы сында 63 келіде күрескен А.Орынбасарова күміспен күптелсе, А.Адасхан, З.Тұрғынбай және А.Жұпаева өз салмақ дәрежелерінде қола жүлдемен қуантты.

Жалпы жарыста Өзбекстан мемлекетінің балуандары бір саты жоғары тұрғандары анық аңғарылды. Сондықтан да олар жүлделердің негізгі жиынтығын еншілерінде әкетті.

Негізі бұл 24-қыркүйекте Алматы қаласында өтетін халықаралық турнир алдындағы іріктеу болып табылады. Ал бұл додаға кезінде Мемлекет мақтанышы Елдос Сметовтің де қатысқанын ескерсек, Тараз төріндегі аламанның балғын балуандарға берері мол болғаны анық.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір