• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Қыркүйек, 10:58:27
Алматы облысындағы төтенше жағдай кезінде екі адам қаза тапты

11 Қыркүйек, 2019 Аймақтар

Жамбылдық каратэшілер жарады

«Тараз-Арена» спорт кешенінде киокушинкай-кан каратэден ұйымдастырылған дода тартысқа толы болды. Ресей, Иран, Жапония, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің 300-ден аса спортшы бақ сынаған сары құрлық бәсекесінде жамбылдықтар жасындай жарқырып, жүлделі орындардан көрінді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жалпы байрақты бәсекеде 41 салмақ бойынша 99 медаль жиынтығы сарапқа салынғандықтан 10 жастан бастап Азияның кіл мықты каратэшілері Тараз төрінде жиналды. Сондықтан болар дүбірлі доданы көруге ынтық жанкүйерлердің де қарасы болды.

Азия біріншілігің ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қонақтарға деген ыстық ықыласын жеткізді.

- Құрметті, спорт сүйер қауым! Құрметті, қонақтар!

Киелі Әулиеата жеріне қош келдіңіздер! Осы доданың Тараз топырағында өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушылар, мықты спортшыларын алып келіп отырған әр мемлекеттің бапкерлеріне және төрешілерге алғысымды білдіремін. Айтулы аламанда шын дүлдүлдер дара шабуына тілектеспін.

Кейінгі жылдары Мемлекет тарапынан бұл спорт түріне кеңінен көңіл бөлініп келеді. Жамбыл жерінде де талантты каратэшілер өсіп келеді. Бұл жақсылыққа бастайтын жол.

Ендеше барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, Азия чемпионатын ашық деп жариялаймын, - деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Киокушинкай кан каратэ спорты республикалық федерациясының президенті Омархан Өксікбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары Серік Жақыпбаев сөз алып, барлық спортшылардың бағы жануына тілектестік білдірді.

Мұнан соң жарыс көркі қыза түсті. Татамиге көтерілген спортшылар нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқас көрсетіп, жүлде жолында аянып қалған жоқ. Десе де, жарыс болғаннан кейін жүзден жүйріктер дара шабатыны белгілі. Бұл жолғы сары құрлық бәсекесінде ұлттық құрама спортшылары қарсылас шақ келтірмей, барлығы 33 алтын медальдің 27-ін жеңіп алды. Бұдан бөлек, 30 күміс пен 29 қолаға иелік етті. Ал 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Қырғызстан құрамасы жүлделі екінші орынға табан тіреді. Үздік үштікті 2 алтын, 1 күміс медальмен Өзбекстан каратэшілері түйіндеді. Ресейліктерге болса бұл Азия чемпионатында бар-жоғы 2 қола медаль ғана бұйырды.

Ұлттық құрама сапында жамбылдық өрендер де табысты өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Ерлер арасында Сералы Әбілқасым алтыннан алқа тағынса, қыздар сынында 45 пен 50 келіде күш сынасқан Тоғжан Аманбай мен Камила

Кемелбекова күміс жүлдені кеуделерінде жарқыратты. Бейбарыс Асылбек пен Дінмұхамед Тасыбек болса, қола жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетейік, биылғы сары құрлық бәсекесіне Жапониядан атақты каратэші Шихан Кондо арнайы келіп, екі күндік шеберлік сабағын өткізді. Бұл Жамбыл каратэсіне жаңа серпін беретіні анық.

Жеңімпаз жерлестерімізді жүлделерімен құттықтаймыз!

Жарайсыңдар, жампоздар!

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір