• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:43:54
Алматы
+35°

Кеше Ресейдің бірінші вице-қаржы министрі Антон Силуанов Қытай мен АҚШ-тың арасындағы және Еуроодақ пен Ресей арасындағы санкциялар алмасуының әсері енді шыға бастайтынын жасырмады

Силуановтың айтуынша, жыл басынан бері өзге көршілес елдерге сезілмеген санкциялар салқыны жыл соңында анық біліне бастайды. Қазірдің өзінде санкциялар легі Ресейге де, Еуропа елдеріне де оңай тиіп отырған жоқ. Мысалы, осы санкциялар әсерінен бір ғана Италия елінің өндірушілері бір айда 166 млн евро шығын көрген. "Тамыз айында Италияның Ресейге жіберетін экспортының көлемі 15,7 пайызға қысқарған болатын. Енді осының нәтижесінде Италия өндірушілерінің табысы қоса азайды" дейді Силуанов.

Сондай-ақ Ресей экономистерінің пайымдауынша, АҚШ, Канада, Австралия, Норвегия елдерінің де өндірісшілеріне қазірде оңай болып отырған жоқ. Аталмыш елдердің құс етінен, көкөнісі мен жеміс-жидегінен, сүт және сүт өнімдерінен бас тартқан Ресей бүгінде осы елдердің де шығынын санамалап та үлгеріпті. Бұл елдердің әрқайсысы шамамен 33 млн доллардан, 96 млн долларға дейін шығын көрген.

Ал Ресейдің өзі Еуроодақ санкциясынан жыл басынан бері 40 млрд доллар, әлемдік нарықта мұнай бағасының түсуі салдарынан 100 млрд доллар шығын көріп отыр. Міне, осындай деректерді алға тартқан Антон Силуанов санкциялар салдары енді жыл соңында айқын әсер ете бастайтынын, сондықтан бұқараға бұл тұрғыда нақты-нақты мәліметтер жеткізу керектігін ашып айтты.

Жалпы, Ресей сарапшылары 2019-2020 жылдар аралығында Ресей экономикасы үшін аса ауыр жыл болатынын нақты айтып отыр. "Бұл аралықтарда Ресейдің ЖІӨ төмендеп, инфляция деңгейі өсіп, елге келер инвестиция көлемі нөлдік деңгейге дейін қысқарып, тұрғындардың жалақысы мен зейнетақысын төлеу қиындайды" деп отыр сарапшылар.

Ал мұндайда экономикалық кеңістікке біріккен ел ретінде Қазақстанға қайтпек керек? Санкциялардың нақты әсері енді айқын біліне бастайтынын Қазақстан сезініп отыр ма? Қазақстанның жағдайы қалай болады?

Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков былай дейді:

– Қазірдің өзінде қаншалықты жасырғанымызбен бізге бұл санкциялардың әсері бар. Бір ғана мысал айтайын, Ресей өзінен "қашып" жатқан капиталдардың орнын салықты өсіру арқылы толтыруды көздеп отыр. Көршілес жатқан елдің бұлайша салықты өсіруі әсіресе кедендік  тауар тасымалына салықты өсіруі біздегі кәсіпкерлерге әсер етпей қоймайды. Қазір Ресей түрлі салық көлемін өсіре бастады. Ресей жыл соңында қосымша құн салығын (ҚҚС) 20 пайыздан өсіреміз деп отыр. Ресейде ҚҚС 20 пайыз ол одан әрі өсетін босла біздегі бизнеске де кері әсерін береді. Ресей тасымал құны бар, тағы басқа қосымша салықтары бар салықтың түрін көбейтіп жатыр. Биыл жыл басында салықтан әбден шаршаған Беларусь кәсіпкерлері өкіметіне салықты төмендетуді ұсынды. Сонда Беларусь өкіметіндегі жауапты тұлғалар "салықты төмендетсе, бюджет шығын көреді" деп ұсынысты кері қайтарды. Қазір біздің тауар алмасатын көршілерімізде тауарды тасымалдау, жеткізу, сатылымға шығару салығының жоғары болуы кәсіп иелеріне қазірде ауырлық етуде. Қазірдің өзінде акциздік салықтарың төмен деп Ресей Қазақстанның базбір тауарларын еліне енгізуді шектеуде. Егер тасымал салығы, сатылым салығы одан әрі өсетін болса, бұл біздегі шағын және орта бизнестің дамуына анағұрлым әсер ететін дүние. Екі ел арасындағы алыс-беріс жағын ескерсек, бұл кәсіп иелерінің қалталарына айтарлықтай салмақ салады. Бұдан барып олар шығарған өнімдерін ішкі нарыққа жібергенде де қымбаттатуға мәжбүр болады. Мұның арты инфляцияның байлап-матауға көнбейтінін дәлелдейді. Жалпы, келер жыл шағын және орта бизнеске оңай болмайды. Шағын бизнес қана емес, біраз салалар ауыртпалықты бастан кешіреді. Шикізат өндіретін, дайын өнімге дейін өнім өндіретін салалар біршама қиындықтарды өткізеді. Біздің үкімет 2020-2021 жылдар аралығында экономикалық жағдайдың ауырлайтынын сезінбей отыр емес, сезініп отыр. Сондықтан да Ұлттық қордың ақшасы қайсыбір салаларға көмекке келмек. Егер осы қаржылар орнымен жұмсалып, талан-таражға түспесе бұл дағдарыстың салқыны бізге аса білінбес еді. Негізінде санкцияның зардабы ашық соғыстан да қиын екенін ескерсек, бұл жерде Қазақстан үкіметі барлығын есептеп, зерттеп отыр деп үміттену керек.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір