• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:30:00
+35°

ҚР Еңбек кодексінің 113 бабына сәйкес, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі.

Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Жалақы төлеу шарттарын бұзу салдары

Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Жұмыс беруші төлем кідіртілген кезең үшін жұмыскерге берешек пен өсімпұл төлейді. (Еңбек кодексінің 113 бабының 3 тармағы).

Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен бастап мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады және төлем жасалған күнмен аяқталады.

Әкімшілік жауапкершілік

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес, жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінан төлемді кешіктірген кезеңі үшін өсімпұлды есептемеуі және төлемеуі:

  • лауазымды адамдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК),
  • шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК,
  • iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер:

  • лауазымды адамдарға – 60 АЕК,
  • шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК,
  • iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қылмыстық жауапкершілік

Қылмыстық кодекстің 152 бабының 3 тармағына сәйкес, басқару функцияларын орындайтын адамның ақшасы өзге мақсаттарға пайдалануына байланысты жалақының толық көлемде және белгіленген мерзімде төленуін бірнеше рет кідіртуі:

  • белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 500 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 300 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 90 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Жалақыдан ұстап қалулар

ҚР Еңбек кодексінің 115 бабына сәйкес, жұмыскердің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Кодексте көзделген жағдайларда жүргізіледі.

      Жұмыскердің өзі жұмыс істейтін ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу жұмыскерді жазбаша хабардар ете отырып:

      1) іссапарға байланысты, сондай-ақ іссапарға байланысты шығыстарды растайтын құжаттарды бермеген жағдайда жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды өтеу үшін;

    2) оқыту шарты болған кезде жұмыскерді оқытуға байланысты шығындарды жұмыс берушіге еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде жұмыс істелмеген мерзімге пропорционалды түрде өтеуді көздейтін жағдайларда;

    3) жалақы есебінен жұмыскерге берілген жұмыс істелмеген авансты өтеу үшін;

   4) осы Кодекстің 95-бабының 3-тармағын қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе жұмыскерді одан кері шақыртып алу жағдайларында;

    5) жұмыскердің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс беруші актісінің негізінде жүргізілуі мүмкін.

   Бірнеше атқарушылық парақтары бойынша жалақыдан ұстап қалу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Кодекстің осы бабында көзделген жағдайларда, ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері жұмыскерге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.

 Көпбаев Нұрбек Нұрланұлы

Алматы қаласы әл-ауқат басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір