• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:10:17
Алматы
+35°

Шамалғандағы апаттан зардап шеккендердің жағдайы, оқыс оқиға болған Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткеліндегі автокөлік пен темір жолдың түйіскен тұсына қажетті көпір туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Qamshy.kz ақпарат агенттігіне жедел сұқбат берді.

– Апаттан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қалай?

– Кешегі жол-көлік оқиғасынан 3 адам зардап шекті. Олар Қарасай аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Оқиғаға байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен облыстық аурухананың салалық дәрігерлері Қарасай ауданына жөнелтілді. Сонымен бірге телемедицина арқылы республикалық медициналық орталықтармен кеңес жүргізілуде. Кешеден бері екі рет медициналық консилиум өтіп, емдеу тактикасы пысықталды.

– Шамалғандағы апатқа мемлекет басшысының өзі жедел көңіл аударды. Ал облыс әкімі Амандық Баталовтың әлеуметтік парақшаларында үнсіздік. Неліктен?

– Оқиғаға байланысты Амандық Баталов облыстық жедел штабтың жұмысын басқарды. Ол кісі әлеуметтік желідегі парақшасын өзі жүргізеді. Штабтың жұмысын басқару және барлық мәселелерді шешу біршама уақытын алды. Сондықтан, телефонмен жазба теруге уақыты болмағаны айдан анық. Бұқараға ақпаратты өз кезегімізде біз – баспасөз қызметі бердік. Қазір әлеуметтік желіде тексерілмеген ақпарат тез тарайды. Соны алдын алу мақсатында жарты сағат сайын ақпарат таратып, тікелей эфирде республикалық телеарналарға мәлімет ұсынып отырдық. Бұл жерде айта кету керек. Бірінші кезекте поезд бен автобус соқытығысу салдары ауыр болатындығын ескеріліп, оқиға орнына бірден 11 жедел жәрдем бригадасы жөнелтілді. Осы уақытта біз оқиғадан 2 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанды деген алдын ала хабар алдық. Және соны әлеуметтік желіге және БАҚ арқылы тараттық. Себебі, бұл кезде желіде 15 адам қаза тапты деген қауесет тарай бастады. Жарты сағаттан кейін қайтыс болды деген 2-ші азамат бөлек жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмғаны анықталды және жарақат алған адамдардың саны нақтыланды. Олар үш адам 2014, 2016 жылғы балалар және сол қыздардың анасы.

– Шамалған стансасындағы көлік пен темір жолдың түйіскен осы тұсына көпір қажет екенін халық көптен айтып келе жатқаны белгілі болды. Бұл жайттан облыс басшылығы хабардар ма еді? Көпір қашан салынады?

– Әрине. Шамалған өткелі сынды облыста 3 проблемалық мәселе болған. Оның біреуі облыстық деңгейде шешілді. Қалған екеуі республикалық маңызы бар жол болғандықтан салалық министрлікпен жұмыс жасалуда. Қазір желіде қағаз жүзінде Байсерке және Шамалғанда көпір тұр деген қауесет тарауда. Мен бұны ресми түрде жоққа шығарамын.

– Апаттан қаза тапқан жүргізушінің отбасына, зардап шегушілерге нендей көмек көрсетіледі?

– Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көз жұмған жүргізуші бүгін жер қойнауына беріледі. Бұл іске жұмыс беруші автопарк атсалысуда.

P.S. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жараланған жолаушыларға қатысты тың дерекпен бөлісті.

"Зардап шеккен азаматтардың аты-жөні: Эльвира Әбдірқызы Жәнібекова, 1986 жылы туған. Оның 2014 және 2016 жылы туған екі қызы.  Эльвира Жәнібекованың өзі  локомотив депосының қызметкері. "Қазақстан Темір жолы" компаниясы қажетті материалдық көмектің бәрін көрсетеді", – деді Роман Скляр.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір