• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:36:07
Алматы
+35°

Жуырда Жуалы ауданының Қошқар ата ауылында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен аймақтық көкпар сайысы өтті,.

Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ауылдық округтердегі жастар ісі нұсқаушылары сайысты арнайы тамашалады.

Шараның ашылуында сөз алған аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов пен Қошқар ата ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев аудан әкімдігінің қолдауымен алғаш рет өткізіліп отырған аймақтық көкпар сайысының басты мақсаты өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру екенін айта келе, жиналған қауымға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар ауыл ақсақалы Болат Байсымақов қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Танымал көкпаршы Сағынғали Жамалұлы төрелік еткен көкпар бәсекесі тартысқа толы болып, көпшіліктің делебесін қоздырды. Өзара екі топқа бөлінген командалар өзара сынға түсіп, дода көркін қыздырды.

Алғашқы айналымда Рысбек батыр және Ақтасты ауылдарының шабандоздары кездесіп, өзара мықтыны анықтады. Бірінші айналым нәтижесінде 2: 1 есебімен Рысбек батыр ауылының жастары басым түсіп, салымға Нұрхат Есмаханұлы мен Нұрдәулет Жаңабайұлы қол жеткізді. Бұдан кейін Қошқарата және Қызтоған ауылдары арасында өткен сайыс 4: 0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ақтасты және Қызтоған командалары арасында өткен бәсекеде Ақтасты шабандоздарының мерейі үстем болды.

Ақтық сайысқа Қошқарата және Рысбек батыр командалары шығып, жарыстың бас бәйгесін ортаға салды. Сайыс қорытындысы бойынша, бірінші орынды Қошқарата командасы иемденсе, екінші және үшінші орынды Рысбек батыр және Ақтасты командалары өзара бөлісті. Сондай-ақ, Қошқарата командасының шабандозы Жолдас Жандос «Үздік шабуылшы номинациясына ие болса, көкпарға жарау ат дайындаған Сәкен Қырғызбаев «Үздік ат бапкері» аталымымен марапатталды. Жеңімпаз командалар мен жарыс үздіктеріне «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Шараны қорытындылаған округ әкімі көкпар бәсекесінің өтуіне мұрындық болған аудандық «Жастар ресурстық орталығына» алғысын білдірді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір