• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:04:18
Алматы
+35°

Жамбыл облыстық тарихи-өлкентану мұражайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 4 ауқымды жоба жасалған. Сондай жобалардың бірінің аясында жамбылдық саяси қуғын-сүргін құрбандары жайындағы деректерді толықтыру ісі қолға алынып отыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Архив деректерінде қазақ халқына нәубет болып тиіп, ұлт зиялыларын құрбан еткен саяси қуғын-сүргін жылдары 4252 жамбылдықтың жазаланғаны айтылған. Оның ішінде 988 адам жазалаудың ең ауыр түріне тартылыпты. Жақында облыстық тарихи-өлкетану музейі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған тұлғалардың жеке архивтері негізінде көрме ұйымдастырды. Аталған шараға Қарағанды облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, «Болашақ» академиясының ғылыми қызметкерлері мен оқытушылары, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушы-ғалымдары мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері арнайы келіп, көрмеге оң бағасын беріп кетті.

–Көрмеге танымал журналист Сабыр Айтхожиннің жеке архивінен архивтік құжаттар мен суреттер және тұтқындардың анкеталық мәліметтері, қазақтың асыл азаматтары Қабылбек Сарымолдаевтың, Сыдық Аблановтың, Түймебай Әшімбаевтың, Мағазы Масанчидің, Тұрар Рысқұловтың қайтыс болғандығын растайтын құжаттар қойылды.Сондай-ақ көрмеге келушілердің назарына ағайынды Сүлейменовтердің туысқандары мен КарЛАГ басшылығы жазысқан хаттары да қойылды,– дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Іңкәр Қазмадияров.

Расында Жамбыл облысы тарихының дәл осы саяси қуғын-сүргін жылдары кезеңі әлі де үлкен ғылыми ізденісті қажет етеді. Өйткені бұл жылдары облыстың кей аудандары мен Әулиеата қала уездік бөліністе Сырдария, Алматы, Қарағанды облыстарына қарады. Сондықтан қуғын-сүргінге ұшыраған жамбылдықтар жайындағы құнды деректер аталған облыстың мемлекеттік мұрағатына болуы мүмкін. Оған қоса сол секілді құзырлы мемлекеттік мекемелердің орнына құрылған ведомстволардың мұрағаттарынан да тың деректер табылуы ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда сталиндік саясаттың құрбанына айналып сайда саны, құмда ізі қалмаған жамбылдық жампоздар жайындағы дерекқорды толықтыру уақыт талабы. Өйткені бұл Елбасы мақаласында айтылғандай болашақ пен тарих арасындағы сабақтастық үшін қажет болып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір