• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 08:54:57
Алматы
+35°

Жамбыл облысы құрылған сәтте өңірде үш арнаулы орта білім беретін оқу орны жұмыс жасап тұрған. Соның бірі 95 жылдық тарихы бар қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі болып табылады. 90 жыл бұрын Шымкенттен Тараз қаласына көшірілген бұл оқу орнының құрылуына қазақтың біртуар ұлы Жүсіпбек Аймауытов мұрындық болған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Алғашында бұл оқу орны Шымкент қаласында педагогикалық техникум ретінде жұмыс жасаған. Оқу орнына сол сәтте Сегізбай Айзунов басшылық жасаған. Сол тұста Шымкент педагогикалық техникумында білім алған Мәулен Балакаев филология ғылымдарының кандидаты атанса, Төлеген Тәжібаев Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болды. Оқу орнында алғашқы жылдары тек ұл балалар тек қазақ тілінде оқытылды. Тек 1927 жылдан бастап мұнда қазақ жіне өзбек қыздарын қабылдай бастады.

Шымкент педагогикалық техникумы 1929 жылы Сырдария облыстық атқару комитетінің бұйрығымен сол кездегі Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласына көшірілді. Әулиеата педагогикалық техникумына дәл осы оқу орнын Шымкент қаласында тәмамдаған Шерім Ерманов директор болып тағайындалды. Техникум Әулиеатаға көшіп келгеннен оның білім алушыларына арналып 100 орындық жатақхана да пайдалануға берілді. Әулиеата педагогикалық техникумы алғашқы 10 жыл бойы тек қазақ тілді мұғалімдерді даярлады. Тек 1939 жылдан бастап оқу орнында орыс бөлімі ашылды. Ал 1940 жылы білім ордасы Жамбыл педагогикалық техникумы деп атала бастады. Осы сәттен бастап оқу орнында бастауыш сыныптарға дәріс беретін қазақ және орыс тілді ұстаздар дайындалды. Сондықтан Жамбыл педагогикалық техникумы түлектері өңірдегі сауатсыздық жою ісі белсене тартылды.

Айта кету керек Жамбыл педагогикалық техникумында білім алғандардың қатарында қазақ әдебиетінде, ғылымында із қалдырған азаматтар да бар. Мәселен мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист Арғынбай Бекбосын, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, филогия ғылымдарының кандидаты Жаңғара Дәдебаев та бір кездері Жамбыл өңіріндегі тарихи оқу орнынан тәлім алған. Оған қоса бұл колледжді ұйымдастыру ісінің басында Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов тұруы да оқу ордасының беделін биік ете түседі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір