• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
24 Қазан, 10:46:33
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

16 Қыркүйек, 2019 Әлеумет

Қазақстанда мәселе шешілу үшін алдымен адам өлуі керек

Бұл кезекті голливудтық блокбастердің кадры емес. Күні кеше Алматы облысы Қарасай ауданы Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткеліндегі автокөлік пен темір жолдың түйіскен тұсында болған апаттың жантүршігерлік көрінісі. Жолаушылар поезді мен автобустың соқтығысуының салдарынан бір адам қаза тапқаны белгілі. Ал зардап шеккен үш адамның жағдайы әлі де ауыр.

Жергілікті тұрғындар аталған өткелге көпір керегін айтқалы қашан... Поезд өткен сайын көлік көп қатынайтын ертеңгі және кешкі мезгілде бұл маң ұзын-сонар кептеліске айналады. Жолға сағаттап уақыт сарп ететін тұрғындар бұдан әбден қажыған. Қажыса да қайтсін, басқа жол жоқ. Барымен айналып ұзағырақ жүруге тура келеді.

Енді тұрғындардың бұл мәселесі ұзамай шешімін таппақ. Апаттан кейін іле-шала Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр 3-4 айлық жобалау жұмысынан соң келесі жылы апат болған жерден сәл әріректе өтпежол салынатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, құрылысты оқиға орнында жүргізу үшін 70-тей үй мен 2 жанармей құю бекетін сүру керек болады. Ол бюджетке айтарлықтай салмақ екен. Сонда адам өмірінен құрылысқа кететін қаражат қымбат болғаны ма?

Қош делік. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан бюджет қаржысының үнеммен жұмсалғанына біз де мүдделіміз. Бірақ сең қозғалып, құрылыс жүруі үшін адам ажал құшуы міндетті емес шығар. Өкініштісі, біздің жағдайымызда міндетті сияқты. Олай дейтініміз, бұл кісі қазасынан кейін ғана қолға алынған істің алғашқысы емес.

2010 жылдың 12 наурызында болған Қызылағаш елдімекеніндегі апатты ешкім ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. Ресми дерек бойынша қайғылы оқиға 45 адамның өмірін жалмаған. Апаттан соң талай былықтың беті ашылды. Мәселен, су қойма жекеменшікке өткеннен кейін электр жүйесінен ақау шыққан. Электр бағандары мен сымдары талан-таражға түскен. Су қақпаларының біреуі он жылдап жұмыс істемеген. Су қоймасының иесі қыста суды ернеуінен асыра жинап, жазда оны шаруаларға сатқан. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің облыстық басқармасы Қызылағаш су қоймасына қатысты көптеген ескертулер жасаған. "Су тоспаларын адам қолының күшімен емес, электрдің қуатымен көтеретін арнайы қондырғы орнатылсын" деген бұйрық та шығарған. Бірақ су қоймасының қожайыны мұның бірін де істемеді. Тексеруші тиісті орган тарапынан қадағаланбады ма, әлде кем-кетік тұстарға көз жұмылып қаралды ма кім білсін, әйтеуір ескертулерге қатысты нақты әрекет жасамалды. Салдары бәріңізге белгілі.

Осыдан кейін бұрын көңіл бөлінбей келген салаға қатысты түрлі бастамалар көтерілді. Ертеректе еленбеген нысандар стратегиялық бола қалып, жекеменшіктегі 142 су қойманы мемлекет меншігіне қайтару ұсыныстары жасалды. Қатерлі саналған орындар жаппай тексерілді. Бірақ бұның бәрі бізге тым қымбатқа түсті. Әлдекімдердің салғырттығы мен немқұрайдылығынан 45 адам қыршыннан қиылып, сонша отбасының жанына жазылмас жара салынды. Жұрт жылдап жиып-тергенін бір-ақ түнде жоғалтты.

Енді әріге бармай-ақ үстіміздегі жылы болған жайсыз жайттарға тоқталсақ.

Бүгін ғой көпбалалы отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" жеңілдетілген тұрғын-үй бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Көпбалалы және тұрмысы төмен жанұялар мемлекеттен 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал 2019 жылға дейін бұның бірі де болмаған. Тіпті аталмыш игіліктерді енгізу үкіметтің қаперіне де кірмеген. Бұл әлеуметтік жобалардың кенеттен пайда болуына оқыстан орын алған жыл басындағы бес бүлдіршіннің қазасынан кейін жер-жерде жанайқайын айтып шыққан аналардың зарлы үні себеп.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, тұрмыс тауқыметін кешкен халықтың басындағы ауыр жағдай туралы үкіметке баяғыдан белгілі еді ғой. Сыздауықтай жарылуға шақ тұрған мәселенің шешімін дер кезінде тапқанда, "21 мың теңгені" беруді ертерек ойластырғанда бәлкім жалдамалы лашығымен қоса өртеніп кеткен бес баланың ата-анасы түнде жұмыс істемей, үйде, бүлдіршіндерінің жанында отырар ма еді. Үлкен трагедияға ұрысбас па едік, ақындар бес балаға арналған жоқтау өлең шығармас па еді...

Кісі өлімін «күтіп» тұрған сергелдеңге саларлық жағымсыз жағдай доңыз жылында бұнымен бітпепті. 24 маусым күні Арыс қаласында әскери қоймада жарылыс болды. Қаланың 44 мың тұрғыны нағыз соғыс ошағына тап болғандай күй кешіп, басы ауған жаққа тым-тырақай қашты. Апат 3 адамның өмірін қиды.

Бұл апатта жауапсыз қалған сұрақ көп. Әскери қоймадан қалаға үнемі қатер төнерін біле тұра, оны ондаған жылдар бойы көшірмегені түсініксіз. Бұдан он жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, кейін депутат болған Ержан Исақұлов мәжілісте, Арыстағы әскери қоймаларда болған жарылысқа байланысты жасаған мәлімдемеcінде «тиісті шара қолданылмаса бұдан да сойқан жарылыстар болуы ықтимал» деген-ді. Сол кезде оның айтқанына құлақ түрген жан табылмапты. Соның кесірінен жазда төртінші жарылыс болды. Бұл жолғысы ауқымы жөнінен бұрынғылармен салыстыруға еш келмейді. Бірақ алдыңғы оқиғалар сабақ шығаруға жеткілікті болатын. Амал нешік, одан сабақ шығарған ешкім жоқ.

Биылғы трагедиялардың қатарында бейбіт күнде қос бірдей қорықшымыздан көз жазып қалғанымызды айта кеткен жөн болар. Браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспекторлар қызмет еткен салада да былық-шылық, заңдық солқылдақтар жеткілікті болып шықты. Ол туралы кезінде "Заң кімді қорғайды, қорықшыны ме, қылмыскерді ме?" атты мақалада толық баян еткенбіз. Екінші қорықшының қазасынан соң президент пәрмені бойынша браконьерлікпен күрес мақсатында қылмыстық заңнама күшейтілетін болды.

Енді міне, Шамалғандағы кешегі жағдай.

Осылай тізе берсек, осы тағылеттес оқиғалардың көбіне кезігеріміз. Бұған қарап қамығасың. Үкіметтің кей тұстағы немқұрайдылығы мен салғырттығына налисың. Ақыр аяғында Қазақстанда мәселе шешілу үшін алдымен адам өлуі керек екен ғой деген ойға еріксіз келесің.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір