• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 05:05:33
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

16 Қыркүйек, 2019 NEWS

Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны екі айға созылады

15 қыркүйекте Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі айға созылмақ. Биыл тіркеу eGov электронды үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады, деп жазады almaty.gov.kz сайты.

Тіркеу процесінің автоматтандырылуы азаматтарды емханаға «сырттай» тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, еркін таңдау принципі бойынша азамат өзінің тұрғылықты жеріндегі әкімшілік бірлік аумағындағы емдеу мекемесінің біріне тіркеле алады. Облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда бір аудан ішіндегі емхананы таңдауға болады.

Тіркеу барысында отбасылық принципке басымдық беріледі. Яғни, ата-анасы да, балалары да бір емханаға тіркелгені жөн. Ал, 18 жасқа толмағандарды баланың заңды өкілі тіркей алады.

Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігері қарайтын пациенттер саны 1700-ден аспауы тиіс.

«Қазіргі таңда қалада жоспарланған 88 учаскенің орнына 131 учаске ашылды. Сонымен учаскелердің жалпы саны 895-ке жетті. Нәтижесінде бір дәрігердің жүктемесі 1529 адамға дейін қысқарды», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Әсел Бисенбаева.

Еске салсақ, азаматтар емхананы тіркеу науқанынан басқа уақытта да ауыстыра алады. Яғни, басқа жерге қоныс аударған жағдайда жылына бір рет, емдеу мекемесі қайта құрылса немесе Қормен келісімшартты бұзған жағдайда басқа емдеу мекемесіне тіркелуге болады. Сонымен қатар, елімізде тұратын әр тұрғын жылына бір рет өзі тұратын аумақтық бірлік шеңберінде емхана ауыстыра алады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір