• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:49:18
Алматы
+35°

Ауылдан әкем телефон шалды. «Банкте отырмын несие аламын» дейді. «74-ке келген адамға несие не үшін керек болды» деп аң-таңмын.

Сөйтсем, қазір қысқа мал азығын дайындау үшін ауылда азын-аулақ мал басы бардың басым бөлігі осындай тәсілге көшіпті. Нақ қазір ауылда 200 түк шөптің бағасы 80 мың теңге. Ал әкеме алдындағы тоғыз бас ойсылқарасымен, жиырмашақты қойын қыстан аман алып шығуы үшін 400 түк шөп керек. Сонда жалпы есеппен қазір әкем 160 мың теңгеге несиеге кірейін деп тұр. Ал банкке пайызымен қосып бір жылда қайтарғанда (ай сайынғы төлемі 17600) 211 мың теңге қылып қайтарайын деп тұр. «Сонда өйтіп мал өсіргеннен не пайда, ол малдың өзін неге сатып соған шөп алмайсың» десем, әкем «мал өтпейді, арық, жайылымдық жер жоқ, оған қоса жем-шөптің бағасы күйіп тұр, қамшыңа жазшы» деп бұйымтай айтып тұр. Сөйтіп зерттеп көрдік. Бағамдасақ мәселе тереңде екен.

Негізінде, көпшілігіміз «ауылдағы ағайынды мал асырайды, соның пайдасын көреді» деп ойлаймыз. Бірақ қазір жайылымдық жердің жоқтығы, мал азығының қымбаттығы, баққан малдың етке өтпейтіндігі ауылдағы жеке үй шаруасындағы адамдарды титықтатып жіберген. Міне, осындай проблемалармен жыл сайын кездесе беретін ауыл халқы қазір қолдарындағы мал басын шама келгенше сатып, азайтып жатқан көрінеді. Ал мұның арты қазақтың мал басының кемуіне апарып соқтыратыны тағы аян.

Бұл мәселеге қатысты мамандар «болашақта еліміздегі мал азығын даярлау мәселесіне мемлекеттік реттеу керек. Егер алдағы үш жылда мал азығына қатысты салмақты бір шешім қабылдамасақ, республика бойынша мал басы өсімі одан әрі төмендеп кетуі де ғажап емес» деп дабылдатып отыр.

Жалпы, деректерге жүгінсек, қазір расымен де көптеген ауыл-аймақтардағы жем-шөптің бағасы «күйіп» тұр. Бұл ретте сарапшылар «әсіресе сортаңданып, қуаңшылық орын алған аймақтардағы шаруаларға өте қиын, есепке алсақ, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша егістік және жайылымдық жерлердің 70 пайызы жарамсыз болып қалған, бұл үрдіс мал азығының тапшылығына, бағаның қымбаттауына, соңында мал басының арзан бағамен етке өткізілуіне апарып соқтыруда» дегенді алға тартып отыр.

Негізінен, мамандардың пайымдауынша, болашақта мемлекет тек қожалықтары бар ауыл шаруаларына белгілі мөлшерде дотация, субсидия бөліп қана қоймай, үй шаруасында мал ұстайтын шаруаларға да септігін тигізуі қажет. Мәселен, қазірде республикамыздағы жайылымдық жерлердің, егістік аймақтардың басым бөлігі жарамсыз саналуда. Осыған орай мемлекет тарапынан арнайы қадағалау жұмыстары жүргізілгені жөн. Болмаса ауылдағы ағайын жыл сайын мал азығын даярлайтын шақ келгенде тығырыққа тіреліп, әуре-сарсаңға түседі.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы ғылымының маманы Жаңабай Алдабергенов:

«Қолында қарақұрым малы бар ауылдағы ағайын үшін мал азығын даярлау қазірде үлкен ауыртпалық тудырып отыр. Тіпті, қажет десеңіз, ауылда тек қара мал ұстап күн көріп отырғандар жетіп-артылады. Олар үшін мал – киетін киім, ішетін тамақ, жаратса, пұл. Бұл жерде басқадан бұрын осы жайт ескерілуі керек. Әрине, үлкен шаруа қожалықтарына мал азығын сатып алу анағұрлым ауырлық тигізбейтін шығар. Ал қолында санаулы ғана малы бар, жалғыз зейнетақымен күнелтіп отырғандарға шөптің бір маясын бәленбай мыңға сатып алу өте ауыр. Қыстық отыны бар, малдың қысқы азығы бар – осының барлығы қарапайым шаруаның қалтасына салмақ түсіретіні рас. Оның үстіне біздің елде алты ай арқыраған қыс болатын аймақтар да жиі кездеседі. Осыған орай айтарым, қолда бар мал басын сақтап, өсіп-өндіреміз десек, мал шаруашылығы саласын өркендетеміз десек, мал азығының сапасына байланысты, мал азығын дайындауға қатысты, оның белгіленген бағасына байланысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажет», дейді.

Рас, осы уақытқа дейін біздің елде мал азығының қорын дайындауға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласқан жоқ. Елімізде мал басының 90 пайызы жекенің қолына өтіп кеткендіктен, мал азығын даярлап, өздігімен қысқа қам жасау әр шаруаның өзіндік мәселесі болған-ды. Ал енді келіп мал азығын даярлауға мемлекеттен көмек сұрау қаншалықты қисынды?

Бұған қатысты Мал шаруашылығы және жеп-шөп өндірісін зерттеу институтының мамандары «мал азығын даярлауды ретке келтіру үшін болашақта ауыл шаруашылығы министрлігі мынадай ұсыныстарға құлақ асқан жөн» дейді:

1. Қайсыбір өркениетті елдер ауылдың түтінін түзу етіп, тіршілігіне жан бітіру үшін ауылға алдымен қуатты технология қажеттігін жете түсіндіруде. Мәселен, Германия, Израиль, Белоруссия елдері ауыл атмосферасына биотехнологияны бейімдеу арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Бізге де осы биотехнологиялық әдіспен, нанотехнологиялық тәсілмен жем-шөп алу ісін үйренетін кезең келді. Міне, ол үшін мемлекет ауыды алдымен қуатты техникамен қамтамасыз етуі керек.

2. Ауылды биотехнологиямен жабдықтау – оңай шаруа. Ал оның тілін білетін маман табу үшін биотехнологиялық жаңашылдықты кәсіптік-техникалық оқу бағдарламасына немесе орта мектептердегі оқу бағдарламасына арнайы бағдарлама етіп енгізген жөн.

3Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қазақ еліндегі 99,2 пайыз жерді «емдегенде» ғана біз шабындық жердің жетіспеушілігінен, жайылымдық жер мәселесінен, мал азығын реттеу түйткілінен ада болады екенбіз. Осыған орай республика бойынша «Шабындық жерлерді басқару» жобасын қолға алған жөн.

Міне, «алдымен осы ұсыныстар елеп-ескерілгенде біз елдегі мал азығына қатысты мәселелерді шеше аламыз» деседі мамандар. Әрине, ол үшін мемлекет тарапынан мықты пәрмен керектігі даусыз.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір