• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 18:45:20
Алматы
+12°

Мұзафар Әлімбай (1923-2017 жж.) — Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешкен қаламгер, балалар ақыны.

«Жарлының  жаны жомарт». Барыммен бөліссем, барлар маған да бірдеңесін қияр деп ойлайды байғұс жарлы. Сонысы да сұңғылылық!  Ал тастай қатып қалған тас сараңға тарыққан сәтте кім қарайласар?

***

«Үйді дауыл кезінде емсе, бұрын тігеді». Әр істің өз ығы бар. Соны білу керек. Нені неден кейін қолға алған дұрыс. Міне, соны анықта. Сонда барлық ісің сәтімен жүреді.

***

«Әр заманның үлгісі өзіне қымбат». Әр дәуірдің, кезеңнің өз салты, дәстүрі бар. Оны көзбен көргендер соны жоғары санайды, әспеттейді, ұрпағына үлгі етіп айтып отырады. Ол заңды да. Сабақтастың деген осы шығар, сірі.

***

 «Көңіл қонақасы болмайды». Үйге келген жолаушыны сылдыр сөзбен сыйлаған отағасыға кімнің көңілі көншісін? Көңілің ашық екенін білдіргің келсе, бірден дастарқаныңды жай, қазаныңды көтеріп, дәміңді қонағыңның алдына тарт.

***

«Сауда тілі шолақ». Хан базарда қалаған нәрсеңді алу үшін немесе  қолдағыңды өткізу үшін сатарманмен де, аларманмен де тақ-тақ, нақ-нақ сөйлес. Сөйтіп, уақытыңды текке өткізбей, пайдалы іс тындырғаның тиімді.  Бос сөз сол базарда сені бос қалдырады.

***

«Құдай құрағанды пенде шашып тауыса алмайды». Бұл сөздің мағынасы былай сияқты. біріншіден, Алланың ісіне адам араласа алмайды. Құдай ісіне киліккен күнәкәр болады. Екіншіден, адал жолмен жиналған дүние берекелі келеді, мол болады, сарқылып немесе таусылып қалмайды.

***

«Жаман сырыңды білмесін, бауырыңды тілмесін». Аузыңа ие бол, кім көрінгенге ойыңды айтып, сырыңды жайма. Кездейсоқта кездескенмен жалпылдап әңгімелесе берме. Міне, сонда сөзге қалмайсың, өсекке ілігіп, азап шекпейсің.

***

«Жерден табылса, аспанға секірме». Иегінің астындағыны қайдағы бір қиялдан іздеп дал болатындарға қалай қайран қалмассың?! Ондайлар өзін ғана емес, өзгелерді де шаршатады, әуре-сарсаңға салады. Сондықтан да оларға аяғыңның астындағыны жер түбінен іздеме деп ақыл айтқан ләзім.

***

«Кедей күрішін тапса, ыдысын таппас». Кембағалдың қашан төрт құбылысы тең болған. Бірі жетсе, бірі жетпей жүреді емес пе. Бұл сөз, міне, осыдан шыққан ғой.

Оқи отырыңыз, ♦Мұзафар Әлімбай: Аға ұрпақ тәжірибесін аттап өтемін деген алысқа бармайды

♦Мұзафар айтқан мәнді сөз: «Маймылдың миы ойнауға жеткенмен, ойлауға жетпейді»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір