• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 19:45:24
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта кәсіпкерікті дамытуға айрықша назар аударылғаны белгілі. Президент бұл тұрғыда «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» деп атап көрсетті.

Бүгінде Жамбыл облысында шағын және орта кәсіпкерлік дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бизнестің қанат жаюына «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз үлесін қосуда. Шағын несиелеу ұйымының ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дейтұрғанмен серіктестік басшылығы кәсіптің көзін тапқандарға несие беру арқылы облыстың кәсіпкерлік саласының дамуына оң септігін тигізуде.

Аталмыш қаржы ұйымының шарапатын сезініп үлгерген агроқұрылымның бірі-Байзақ ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалығы. Николай Рахметілдаев жетекшілік етіп келе жатқан қожалық несие қаражатының негізінде өнімділікті арттырып, шаруашылықтың аясын кеңейте түсіпті.

– «Жамбыл монолит строй» ТРЕСТ-і банкротқа ұшырағаннан кейін мен 1998 жылы осы «Бірлік» шаруа қожалығын ұйымдастырдым. Бастапқы қадамды пияз, көпжылдық шөп, жүгері өсіруден бастадық. Алғашқы егіс алқабымыз небәрі 10-ақ гектарды құраған. Жылдар өте алқап аумағын кеңейтіп 70 гектарға дейін жеткіздік. Әрине, алғашында ақшадан аздап қысылдық. Кейін де қаржы жетіспеушілігі сезіліп жүрді. Дегенмен, қол қусырып қарап отыра бергеннен түп шықпасын біліп, белді бекем буып банктің есігін қақтым. Бірақ бір себептермен несиеге қол жеткізе алмай, банктен тауым шағылып шықтым. Осы аралықта таныстарым «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аясындағы «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінің курсын оқып, несие алуға болатынын айтып үміт отын жандырды. Осылайша тиісті курстан өтіп «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 3 500 000 теңге көлемінде несие алдым. Қаржы ұйымының талабы көңілден шықты. Ешқандай бюрократиясыз-ақ, сабыла күтпей-ақ 4 пайыздық ставкамен қаржы алып, сол мүмкіндіктің арқасында биыл тамшылатып суару әдісімен қант қызылшасы мен пияз ектім. Сондай-ақ, тамшылату технологиясынсыз-ақ қара топыраққа қарапайым әдіспен жүгері, пияз, жоңышқаны да сеуіп тастадым. Енді міне осы еңбектің жемісін көріп, көңілім марқайып отыр, – дейді Н.Рахметілдаев.

Бұл біз сөз еткен бір ғана шаруашылық. Ал Жамбыл жерінде қаржылай қолдаудың нәтижесінде тірлігін тіктей білген агроқұрылымдардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Ең бастысы ел-жұрттың еңбекке деген құлшынысы жоғары.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір