• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:09:44
Алматы
+35°

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Нарықтық қатынастардың алғашқы кезеңінен осы салаға мемлекет тарапынан айрықша қамқорлық та жасалып келеді. Оған Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмаларының нәтижесінде өмірге келген баянды бағдарламалар дәлел. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та бұрыннан қалыптасқан стратегиялық мақсаттарды сабақтастыра отырып, бизнестің өрістеуіне көңіл бөлуде. Президент Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында да осы салаға арнайы басымдық берді. Бұл әрине, негізсіз емес. Өйткені, кәсіпкерлік дамыса жаңа жұмыс орындары ашылады, салықтық түсімдер артады. Сол арқылы әлеуметтің әлеуеті де көтеріледі.

Әрине, бизнес әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің қатар жүретіні белгілі. Кім елде жоқ кәсіппен айналысады, соның саудасы жүреді. Сапалы өнім ұсынатындардың да тұтынушы көп болады. Бұл тұрғыда нарықты терең талдап, маркетингке мән беретіндер ұтады. Осы орайда үндік бағып та байып жатқандардың тірлігі көпке үлгі. Сала мамандары бұл құс түрін бағуды ауыл шаруашылығының табысты да тиімді секторына жатқызады. Олар аз шығынмен көп табыс табуға болатын жобаны саралау барысында осындай қорытындыға келіп отыр.

Міне сондай кәсіпкердің бірі- Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы «Меркурий» шаруа қожалығының жетекшсі Гүлнара Сыздықова. Ол «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алған 10 миллион теңге несие қаржысына біраз жоспар құрып үлгеріпті. Оған алдымен үй құстарының қатарын көбейту мақсатында инкубатор сатып алуды көздепті.

– Бұл құс түрін дұрыс таңдамасаң да кейін өнім көрсеткішін төмендетіп, бастаған ісіңнің берекесін кетіріп жібереді. Асықпай зерттей келе мен еті дәмді әрі тез өсетін «БИГ-6» деген үндік түрін таңдадым. Бұлардың аталығы 25 келіге дейін салмақ тартса, аналығы 11 келіге дейін барады. Одан бөлек одан шығатын өнімнің таза салмағының 80-85 пайызға дейін жетуі – рекордтық көрсеткіш. Тіпті бұл көрсеткішпен ешқандай үй жануарын салыстыруға келмейді. Дегенмен, үндіктің бұл түрін көбейтуде бір келеңсіздік бар. Ол – өздігінен, яғни табиғи жолмен баяу көбейетіндігі. Сол себепті қолмен жұмыртқа бастырып, көбірек балапан шығармасаң кәсібіңнің өнімділігі түсіп кетеді. Міне, біз осы мақсатта палата жанындағы қаржы ұйымынан қомақты несие алып, инкубатор және өзге де керек-жарақтарды сатып алдық, – деген Гүлнара Сыздықованың кәсіпкерлік палата өкілдеріне және серіктестік ұжымына айтар алғысы шексіз.

Айта кету керек, «Меркурий» шаруа қожалығы алдағы қазан айында 3 мыңға жуық тонна ет алуға дайындалып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір