• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:37:30
Алматы
+35°

Бүгінде Жамбыл облысының аумағында 524 мәдениет, архив мекемелері халыққа қызмет көрсетуде. Оның 26-сы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты болса, қалған 498-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бағынысты. Бұл қатарға биыл Жеңіс күніне орай ашылған «Даңқ» залының қосылғандығын айта кету керек. Сонымен қатар бұл тізім жуырда тағы да толыға түспек. Өйткені, Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында бірқатар жаңа нысандар ил игілігіне ұсынылмақ. Олардың ішінде мәдени кешендер де баршылық. Бұл туралы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев тарқата айтып берді.

–Көне қаланың тарихи кескінін қайта жаңғыртып, туристердің назарын аудару мақсатында шығыстық үлгідегі «Шахристан» этно-тарихи кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Онда «Руханият және тарихтану» орталығы, тарихи-өлкетану музейі, көрме орталығы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, жергілікті қолөнершілердің шеберханасы сынды нысандар орналасатын болады. Сондай-ақ «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешені салынып, онда ортағасырлық үлгідегі қорғаныс бекінісі тұрғызылып, өткен ғасырларда облыс аумағында болған ірі тарихи оқиғалардың панорамасы көрініс табады. Атап айтқанда, Ислам дінінің Орталық Азияға таралуында шешуші рөл атқарған Атлах шайқасының, тәуелсіздігімізді сақтап қалуда ерекше орны бар Аңырақай шайқасының және Қазақ хандығының алғаш туы тігілген Қозыбасыдағы салтанатты сәттердің көріністері айшықталады. Тектұрмастың ең биік шоқысынан «Әулиеатаның» тұлғалық ескерткіші орнатылып, ескерткішке апарар баспалдақтың екі жағында Түрік қағандарының аты-жөні жазылған тас тұғырлары орнатылады,-дейді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Расында да Жамбыл облысында мәдениет саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мұның барлығы да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен сабақтасып, жұртшылықтың игілігіне бағытталуда. Жүйелі жұмыстардың алдағы уақытта да жемісті жалғаса беретіндігіне сенім мол.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір