• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 03:53:17
Алматы
+12°

Кеше халықарылық Moody's агентігі Ресейдің қаржылық жағдайының рейтингін «Ва1» деңгейіне дейін төмендетіп, оны тұрақсыз деп бағалап, «Ресейдің қаржылық жүйесі оның ішінде әсіресе мемлекеттік облигациялар жүйесі қоқысқа малтықты» деп мәлімдеді.

Ал мемлекеттік облигация бюджет шығынын жабу үшін және түрлі мемлекеттік ірі жобаларды қаржыландыру үшін шығарылатындықтан біз бұл тақырыпты қаузауды жөн көрдік. Көрші елдің мемлекеттік облигацияларының рейтингінің төмендеуі бізге нені аңғартады? Жалпы, мемлекеттік облигацияларының құны түсе бастаса Ресей болашақта бюджет шығыны мен ірі жобаларын қалай қаржыландырмақ? Мұндай жағдайда Қазақстанға қалай сақтану керек?

Жалпы, Ресейге инвестиция азаяр болса, онда көрші елді мысқылдаудың қажеті жоқ. Себебі Ресей бастысы бізге күш салатынын мамандар жасырмай отыр. Қазірдің өзінде Ресейдің бюджеттік шығындары үш айдың көлемінде артып, халықтың ақшалай табыстары кеміп елде жұмыссыздар саны да артып отыр. Мысалы, бұған дейін Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция – 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл) еді. Ал қазір Ресейге аталмыш елдерден келетін қаржы көзі тым азайып кетті. Бір сөзбен айтқанда қазір Ресейдің қалтасы тесік.

Бұған қатысты  экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков:

«Ресейден кетіп жатқан инвестицияның бізден де кері қашпауы үшін мемлекетік тұрғыда қорғану, сақтану шаралар атқарылуы тиіс. Тіпті біз сол Ресейден кетіп жатқан инвестицияның айналып келіп Қазақстан экономикасына құйылуына жағдай жасағанымыз абзал. Егер сәтті пайдаланып Ресейден қашып жатқан инвестицияны өз елімізге әкеле алсақ, бұл оңды шешім болар еді. Әрине ол үшін салмақты, сауатты тәсілдерді үйрену, зерттеу керек. Қазір Ресейдің «Роснефть», «Газпром», «Транснефть» тәрізді компанияларына қаржы табу қиынға соғып отыр. Бұл компанияларға инвестиция салудан еуропалық инвесторлар бас тартып отыр. Негізінде, Ресейге инвестиция азайса, инвестициясы азайған Ресей енді бізге өз өнімін қымбатқа сата бастайды. Сол арқылы аз да болса түсім көргісі келеді. Сондықтан Ресейдің ірі компанияларының даму сатысы төмендеп, қаржы табу қиындаса бұл бізге де оңай болмайды. Біріншіден, Ресей ендігі кезекте бізге беретін өнімдерін екі есеге қымбаттатып жіберуі мүмкін. Екіншіден, кедендік түрлі тарифтер енгізіп Одақ аясында жеңілдіктер алуды қиындатуы ғажап емес. Үшіншіден, Ресей кеденнің талабына сай техникалық регламенттерді, кедендік салықтарды, ҚҚС өсіруі де әбден мүмкін. Төртіншіден, елдегі Ресеймен біріккен кәсіпорындарды Ресей тарапынан қаржыландыру қиындап, қайсыбір кәсіпорындардың жайы әлден қиындай бастады. Бұл да бізді ойлантуы тиіс. Жалпы, көршідегі ахуалдың қиындауынан бізге де оңай болмайды. Бұл арада біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек бізге қысқа мерзім ішінде шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру саласының дамуына күш салу керек. Олай етпесек біздің өсіп-өнген елдердің қатарына қосылуымыз екіталай...

Мамандардың пайымдауынша, Ресейдің облигациялар нарығындағы ахуалдың кері құбылуы жақсы нышан емес. Себебі Ресей енді өзінің инвесторларын одан әрі жоғалтып алмас үшін алтын-валюта қорындағы қаржысына да қол сала бастайды. Ал бұл әрекет елде алтын-валюта қорының азаюына жол береді де, одан әрі қор азайғаннан кейін Ресей рубльдің бағамын тежеп ұстап тұра алмайды. Сондықтан болашақта жағдай бұлай қалыптасар болса, рубльдің құнсыздануы жалғаса береді. «Ал мұның арты теңгенің девальвацияға ұшырауына апарып соқтырады. Экономикасы Ресеймен байланған мемлекет ретінде біз бұдан қауіптенуіміз керек» дейді мамандар.

«Бұл жерде экономикасы Ресейге байланып отырған ел ретінде теңгенің құнын тағы түсіруімізге тура келеді. Қазір Ресей инвесторларын жоғалтып алмауы үшін, елдегі банктерді қолдау үшін тағы басқа толып жатқан шығындардың орнын жабу үшін өзінің алтын валюта қорын азайтып алып отыр. Алтын валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Бұған қоса Ресейдің мемлекеттік облтгациялар нарығына салынатын инвестиция көлемі де тым орталанып кетті. Мұның барлығы рубльдің құнын түсірмесе өсірмейді. Әрине, Ресей уақытша ұстап тұра алар, бірақ ол көпке созылмайды. Сондықтан бұл арада рубль девальвациясы әлі жалғасын табатынын аңғарамыз. Ал бұл артынша теңгеге де оңай болмайды», деді  Бейсенбек Зиябеков.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір